Астанада "Жергілікті өзін өзі басқару туралы" заң жобасы талқыланды - kaz.caravan.kz
  • $ 486.65
  • 524.46
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астанада "Жергілікті өзін өзі басқару туралы" заң жобасы талқыланды

Астанада "Жергілікті өзін өзі басқару туралы" заң жобасы талқыланды

Астана. 18 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" Мемлекеттік және өзін өзі басқару жүйелерін жетілдіру мәселесі кеше Астанада президент әкімшілігінің жетекшісі Қайрат Келімбетовтің төрағалық етуімен өткен семинар-кеңесте талқыланды, деп хабарлайды агенттік тілшісі Хабар агенттігіне сілтеме жасап.

  • 18 Қыркүйек 2008
  • 1179
Фото - Caravan.kz

Осы бас қосуда айтылған ұсыныс-пікірлер «Жергілікті өзін өзі басқару туралы» заң жобасын әзірлеуде ескерілетін болады.

«Елімізде конституциялық реформалармен бірге жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің мықты негізі қаланды. Парламент пен облыстық мәслихаттардың рөлі артты», дейді телеарна.

Ендігі мәселе — өзін өзі басқару институтының моделін таңдауда деді Президент әкімшілігінің жетекшісі Қайрат Келімбетов.

Оның айтуынша, «жергілікті өзін өзі басқарудың механизмдерін анықтап алу қажет. Сол үшін Ата заңда айтылғанды нақтылай түсетін заң керек. Біз таңдаған институттың моделі жергілікті өзін — өзі басқару мен мемлекеттік басқарудың бөлінбей, қайта тұтас болғанын мақсат еткендіктен, осының құқықтық негізі сол заңда қалануы тиіс».

«Жергілікті мемлекеттік және өзін өзі басқару туралы» заң жобасы көптен бері қызу талқыланып жатыр. Атқарушы билік өкілдері әлі де орталық пен облыстық органдар арасындағы міндеттер бөлінісін нақтылау қажет дейді. Жергілікті өзін өзі басқару туралы заң биліктің тармақтарын реттеп қана қоймайды, бюджетаралық қарым-қатынасты да жетілдіруге ықпал етеді дейді мамандар. Атқарушы билік өкілдері өзін өзі басқарудың негізі жеке бюджетте дейді. Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, ауылдық жерлердің жеке қазынасы құрылғанша кемінде бес жыл уақыт қажет.

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының әкімі Нихан Омархановтың айтуынша, «білім саласы біздің бюджеттен қаржыландырылады. Мәдениет саласына келетін болсақ, көмегіміз жоқ. Өйткені, кезінде ол облыстық бюджетке қарап кеткен. Сондықтан бұл саладағы жұмыстарға қатысты аудан әкімінің қолы байлаулы».

Бұл жерде тағы бір мәселе бар. Облыстық мәслихаттардың өзіндегі қаражаттың жұмсалуын қадағалайтын тексеру комиссияларында тиісті мамандық иелері жоқ.

Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Мәлік Құлшар былай дейді: «сайлауда жеңіп шыққан депутаттар арасынан кәсіби қаржыгер немесе экономист табыла бермейді. Сондықтан амал жоқтықтан басқа мамандық иелерінен сайлауға тура келеді. Ал, қаржыгер не экономист болса, ештеңе емес, ал бұлар болмағандықтан қалай сапалы тексерулер немесе бюджетке қатаң бақылау орнатады деп ойлаймыз».

Семинар-кеңесте айтылған пікірлер негізінде заң жобасын жетілдіруге қатысты ұсыныстар әзірлеу керек деді Қайрат Келімбетов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті