Тбилиси боз кілемінде тағы үш палуанымыз жүлдеге ілікті. Асхат Ділмұхамедов күміспен күптелсе, Дархан Баяхметов пен Роман Мелешиннің есебінде қола медаль.
Алдағы бір ай бойы спорт сахнасы төріне құдіреті күшті футбол өнері шығады. Төрт жылда бір айналып келетін әлем чемпионаты тұңғыш рет Африка континентінде өткелі отыр. Жаһан біріншілігіне сайланып жеткен үміткерлердің қарасы жетіп артылады. Карлуш Кейруш бастаған Португалия құрамасының алға қойған мақсаты да биік. Мозамбикпен өткен жолдастық матчта пиренейлік футболшылар қарсы қақпаға жауапсыз үш гол соқты.
Мозамбик көп жыл бойы Португалияның отары болып келген ел. Португалия құрамасы сапында өз өнерімен бүкіл әлемді мойындатқан тұңғыш африкандық футболшы Эисебио осы Мозамбикте туып өскен. Тағдырдың жазуы шығар Мозамбиктен шыққан сол қара бала, бүгін футбол әлемінің құрметті ақсақалы. Екі елге ортақ футбол жұлдызы өзіне жақын екі құраманың ойынын өзгелермен қатар отырып тамашалады. Кездесудің 52-минутында алаң иелерінің қақпашысымен жекпе-жек шыққан Данни өз мүмкіндігін бос жіберген жоқ. Көп ұзамай сол қанаттан басталған шабуылға нүкте қойған Угу Алмейда, арада бес-алты минут өткенде бүгінгі матчтағы екінші голын соқты. Осы күні өткен Польша мен Испания арасындағы жолдастық матч 0:6 есебімен Еуропа чемпиондарының ірі жеңісімен аяқталды.
Португалия құрамасының бас жаттықтырушысы Карлуш Кейрушты мазадап жүрген жәйттер аз емес. Тура чемпионат басталар алдында жарақат алған белді футболшылардың бірі Нани қатардан шығып қалды.
Нанидің күйінетіндей жөні бар. Өйткені ат терлетіп алыстан жеткен футболшы күнделікті жаттығудың бірінде иығынан жарақат алып, нәтитжесінде іргесінде тұрған чемпионаттың босағасынан аттай алмай кететін болды. “ Дәл қазір оның орнын жоқтатпайтындай футболшы табу қиын. Дегенмен оны алмастыратын футболшылар бар өнерін ортаға салар деп сенем” — деген Карлуш Кейруштің сөзін футболшылар да қостап отыр. Олар алдағы әлем чемпионатындағы жеңісті Нани мен сол сияқты түрлі себептермен құрамадан шет қалған әріптестеріне арнаймыз деп отыр.
Испания құрамасымен өткен жолдастық матчқа қатыспаған Оңтүстік Кореяның ең әйгілі футболшысы Пак Чжи Сун Грек елімен өтетін алғашқы ойынға сақадай сай. Құраманың бас бапкері Чон-Му Хо “Манчестер Юнайтедтің” сапында өнер көрсететін футболшының жай-күйіне алаңдайтын ештеңе жоқ екенін мәлімдеді.
Жолдастық кездесу алдында өзін жақсы сезінбеген футболшы ойынды сырттай тамашалауға мәжбүр болған. Бірақ күнделікті жаттығуларды бос жібермеген Пак Чжи Сун қазір өз бабында көрінеді. Өз тобындағы алғашқы ойынды эллиндер ұрпағымен өткізетін Корея құрамасы одан кейін Аргентина мен Нигерияға қарсы ойнайды.
Голландияның маңдайалды футболшысы Арьен Робеннің, алғашқы бәсекеде өз командасына көмеккке келуі екіталай. Жамбасынан алған жарақтаттың кесірінен Әлем чемпионатына аттанған құрамадан қалып қойған Роббен қара құрлыққа әлі жете алмай жүр.
Жарақаттан толық айығып шығу үшін футболшыға бір апталық емдеу курсынан өтуге тура келді. Арьен Роббенің алғашқы матчқа қатысты мүмкіндігіне күмәнмен қарайтынын жасырмаған бас бапкер оны «келесі ойындардың ортасынан көріп жатасақ та жаман болмас еді» дейді. Жауқазын елінің бас командасы мундиальдағы алғашқы ойындарын 14- маусым күні “Е” тобындағы басты қарсыластары Даниямен өткізеді. Бұл топта сондай-ақ Жапония мен Камерун құрамалары бар.