Келешекте — 2020 жылы бұл нәтижені 30%-ға жеткізсек, онда 5 млн. адамнан асады деген сөз. Дегенмен бұл мұратқа жету жолында қаншалықты қажыр-қайрат жұмсап жатырмыз? Бұқаралық спорт бүкірдің күйін көріп жатқан жоқ па?
Бұл жайында Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов кеше бірнеше бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беру кезінде кеңінен әңгімелеп берді. Біз болсақ республикалық деңгейде ойластырылған негізгі шаралармен танысуға мүмкіндік алдық. Енді бұқаралық спортта жетістігіміз қайсы, олқы түскен тұстарымыз қайсы, соған тоқталайық.
Халықтың денсаулығы — елдің дамуы үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Тәуелсіздік алған сәттен бастап, жас мемлекет алдында тұрған қиындықтарға қарамастан, Қазақстан бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын дамытуға қатысты орасан зор жұмыстар атқарды. Бірақ шынын айту керек, бұқаралық спортты дамыту жүйесін әлі де жетілдіруіміз керек.
Е.Қанағатовтың айтуынша, елімізде спорттың беталысы жақын бесжылдықта «Салауатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының орындалуына байланысты болмақ. «Ондағы басты мемлекеттік саясат салауатты өмір салтын насихаттауға, халықтың барлық жігін тарту арқылы бұқаралық спорт түрлерін дамытуға, спорттың халықаралық талаптарға жауап беретін материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған. Қазіргі уақытта спорт саласының заңнамалық базасын жетілдіру жөнінде де біршама жұмыстар атқарылып жатыр», дейді Е. Қанағатов.
Сонымен қатар бұл стратегиялық құжатта азаматтардың денсаулығын қорғау мәселелері бойынша ведомостволар және секторлар арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға көңіл бөлінген. Себебі Туризм және спорт министрлігінің реформалары мен ұсыныстары жергілікті биліктің, басқа ведомстволардың деңгейінде орындалмай жатады. Көбіне аумақтың әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне баса назар аударатын жергілікті әкімдер, бұқараның бойына салауатты өмір салтын сіңіруге келгенде сұлық. Бұқаралық спорт халық арасында насихаттауды жөн көрмейтін болар, мәселе көтеруге құлық танытпайды. Ал министрліктің болса, жергілікті органдарға ұсыныс айтудан басқа шарасы жоқ. Себебі аудандық, ауылдық бюджет қаржысы тек сол өңірдің мәслихатының, әкімінің шешімімен шешілетін үрдіс. Сондықтан осы мәселеге қынжылған Спорт комитетінің төрағасы келешекте мемлекеттік бағдарламаға үлкен үміт артуда.
Спорттық салада материалдық-техникалық базаның әлсіздігі — ауылдық, аудандық жерлерде бұқаралық спорттың дамуына негізгі тежеу болып отыр. Өңірлердегі спорт объектілерінің саны әлі де болса көбейтуді қажет етеді. Елімізде 25 мыңнан астам спорттық кешен бар болса, солардың басым бөлігі ірі мегаполистерде орналасқан. Ал қалған аймақтар, анық айтқанда шалғайдағы аудан-ауылдардағы жұртшылық теннис корттары, баскетбол алаңдары мен спорттық аула клубтарынан мүлдем мақұрым. Кейбір қалалардың өзінде стритбол, минифутбол, пинпонг сияқты бұқаралық спорт ойындары, ары кеткенде мереке күндері ғана өткізіледі.
Бүгінде, ауласында спорт алаңқайының салынуын күте-күте шаршаған тұрғындар өздері мұз айдындарын, футбол және баскетбол алаңдарын жасауға көшіпті. Билік басындағылар спортқа сөзбен емес, іспен серпін береді деп үміттенеді қалың бұқара. Құр сөз бізді ұшпаққа шығармайды, сондықтан биліктегілер халықтың үмітін ақтап жатса кәні.
Алайда ауызды қу шөппен сүртіп, қол қусырып отырған министрлік жоқ. Осы жерде ел бойынша спорт ғимараттарының саны жыл санап өсіп келе жатқанын айтуға тиіспіз. 2007 жылы республикада 29 мың 307 спорт ғимараты болса, 2008 жылы тағы 540 ғимаратқа көбейді.
Спорттың берекесін келтіреміз десек, балалар спортына өлшеусіз күш-жігер мен қаражат жұмсау қажет екені бесенеден белгілі. Осы тұрғыдан алғанда мектептердегі үйірмелердің санын арттырып, дарынды балаларды кәсіби бейімдейтін кешендерді көптеп салу қажеттігі туындауда. Министрліктің ақпараты бойынша, балалар мен жасөспірімдерге арналған мектеп-интернаттар санының бүгінде 415-ке дейін артқан. Бұл бүгінгі таңда 226 мың бала мен жеткіншекті қамтуға мүмкіндік беріп отыр. Бұған қоса, бүгінде республикада спортта дарынды балаларға арналған 15 мектеп-интернат жұмыс істейді, ондағы спортшылардың саны 4 мыңға жуық. Республика орта мектептерінің 88 пайыздан астамында аптасына үш рет денешынықтыру сабақтары өтеді. Білім саласында 23 мың спорт үйірмесі бар, оларда шұғылданатын жасөспірімдердің саны 450 мың спортшыға жетті. Елдегі 425 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 225 мыңнан аса спортшы бар. Қазақстандағы орта мектептердің 71,4 пайызы спорт залдарымен, 58,8 пайызы спорт құрал-жабдықтарымен жабдықталған.
Әрине, алға қойған мақсатқа жету үшін бұл әлі де болса аз екендігі сөзсіз. Алайда мемлекет дене шынықтыру мен спорттың материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстарын тоқтатпақ емес. Бұған, Е.Қанағатовтың атап өткеніндей, 2009 жылғы «Жол картасы» бағдарламасының іске асырылуы біршама көмегін тигізді. Қазіргі таңда спорт саласындағы 56 нысанда, соның ішінде 36 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде, 1 жоғары спорттық шеберлік мектебінде, 6 облыстық спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта, 3 олимпиадалық резерв даярлығы орталығында, 5 спорт кешенінде, 4 стадионда, 1 дене шынықтыру-спорттық диспансерінде жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Ортақ істе ел болып жұмыла кіріскен халық қана өзгелерден ерен болатынын білеміз. Кейінгі жылдары Қазақстанда үлкен тенниске қатты бетбұрыс жасалды. Барлық ірі қалаларда теннис корттары мен алаңдары салынып жатыр. Астанада 9 жабық, 8 ашық корты бар әлемдік деңгейдегі Ұлттық теннис орталығы бой көтерді. Туризм және спорт министрлігінің 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспары бойынша облыс және аудан орталықтарында, қалаларда оқушыларға арналған денешынықтыру-сауықтыру кешендерін (ДСК) салу көзделіп отыр. Республикамызда 200-ден астам аудан бар. Қазір төрт ДСК пайдалануға берілді. Сегіз кешеннің құрылысы жүріп жатыр. 38 кешен жоспарда тұр. Бұл ғимараттар 2011 жылы салынып бітуге тиіс. Бұрыңғы Кеңес заманында бір кезде «Қайрат», «Динамо», «Спартак», «Буревестник», «Еңбек резервтері» тәрізді спорт қоғамдары болды. Елде денешынықтыру мен спорттың дамуына зор серпін бергені жөнінде спорт ардагерлері ауыздарынан сулары құрығанша айтып жүр. Тәуелсіздік алысымен өшкен тәжірибе қайта жаңғыртылған болса, игі болмас па еді деп ойлайсың.
Президент Н. Назарбаев денешынықтыру мен спорт саласына жете мән беріп, қамқорлық жасап отыр. Ендігі жерде қалың бұқараның, билік тармағының әрбір буынындағы шекпенділердің, тұтас қоғамның белсенді іс-қимылы қажет.