«Эйр Астананың» 51 пайыз акциясы «Самұрық-Қазына» қорына, ал қалғаны ұлыбританиялық «БАЕ Системс» компаниясына тиесілі. Ол Қазақстанда 2001 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Соған қарамастан, компанияның өз меншігінде әлі бірде-бір әуе кемесі жоқ екен. Ал қолданып жүрген 22 ұшақты түгелдей лизингтік жүйе бойынша жалға алған. «Мұның үстіне, бұлардың көбі ескірген, кейбірінің ұшып жүргендеріне 20 жылдан асып кеткен», — дейді Есеп комитетінің мамандары. Сондай-ақ, «Эйр Астана» компаниясы бұл ұшақтардың жөндеу жұмыстары әлі шет елдерде жүргізілетінін айтады. Ал екі жақты мемарандумда «Эйр Астана» компаниясы мұндай техникалық қызмет көрсететін кәсіпорындарды Қазақстанда ашуға міндетті болған.
Александр Горяинов, Есеп комитетінің мүшесі:
— Есеп комитеті тарапынан, «Эйр Астана» компаниясына жеке әуе кемелерін сатып алу туралы ескерту осыдан 3 жыл бұрын да жасалды. Ал компанияның стратегиялық жоспарында бұдан былай Фокер-50 маркалы ұшақтарды қолдануды тоқтатып, орнына заманауи реактивті ұшақтар алу айтылған еді. Бірақ, компания бұл талапты орындамай отыр. Керісінше, жыл басында тағы бір Фокер-50 ұшағын алған.
Ал “Эйр Астананың” өкілдері «Есеп комитетіндегілер айтқан кемшіліктердің бәрі жойылады» деп отыр. Болашақта жаңадан ұшақтар алу олардың жоспарында бар екен.
Тілек Әбдірахымов, “Эйр Астана” АҚ қоғаммен байланыс жөніндегі үйлестірушісі:
— “Эйр Астана” компаниясы “Эйрбас” компаниясымен 6 “Эйрбас” ұшағын алу жөніндегі келісім-шартқа қол қойды. Бұл ұшақтар 2011 жылы әкеліне бастайды. Олар “Эйр Астананың” бюджетіндегі ақшаға сатып алынды.