Фестивальға Қазақстаннан бөлек Қырғызстан, Ресей елдерінің өнерпаздары келген. Дәстүрлі музыканың қыр-сырын жетік меңгерген өнерпаздар шертпе, ыспалы, үрлемелі аспаптарда өнер көрсетіп, ән- жыр, терме, нақыл- насихат, дастан-эпостарды орындау шеберліктерін паш етеді.
«Ұлы дала сазы» фестивалі аясында Сыр бойының, Жетісудың, Батыс Қазақстанның, Арқаның ән орындау мәнерлері ұсынылады. Ал Алтай қазақтарының музыка шеберлері «жанды орындау» ретімен ежелгі түркі музыкасының керемет дәстүрі — көмекеймен ән салу өнерін көрсетеді. Астана жұрты хакас пен қырғыз қомузы, қазақтың шаңқобыз, қылқобыз, домбыра аспаптарында орындалатын әуезді күйлеріне куә болады.
Шараның ұйымдастырушысы, «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ басшысы Алмас Нұразханның айтуынша, халықаралық фестивальдің мақсаты — түбі бір түркі халықтарының мәдениетін біріктіру, олардың ән-жырын, күйі мен сазын, эпосын жан-жақты насихаттау, сонымен қатар, дәстүрлі музыканың барлық жанрларын, әсіресе кенже қалған, сирек ұшырасатын аспаптарда орындалатын жанрларды жаңғырту.
«Қазақтың өнері, бізге жақын халықтардың өнері қандай дәрежеде екендігін біліп, мәдени алмасуға қол жеткізген сайын, өнеріміз бен мәдениетіміз қарыштай түспек. Ең бірінші мақсат сол»,-дейді А. Нұразхан.
Шара Қазақстан Президентінің бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында өткізіліп отыр. Фестиваль қыркүйектің 16-сы күні кешқұрым өтетін гала-концертпен аяқталады.