Мәдени іс-шара барысында біртума композитордың туындыларын ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, профессор Нұрлан Исмайылов орындады.
Сонымен қатар мұражай қабырғасында Вилянувадағы Плакаттар мұражайы мен Польша Президентінің кеңсесі «Фридерик Шопеннің ізімен. Поляк плакаты» көрмесі ашылып отыр. Мұражай директорының орынбасары Күләйша Қабдуәлиқызының айтуынша, бұнда 1932 жылдан бастап 2008 жылға дейін Шопен шығармашылығына арналған фестивальдар мен байқаулардан қалған 10-ға тарта тарихи плакаттар ұсынылған.
Жастайынан музыкаға әуес болып өскен Ф.Шопен 7 жасында фортепьянода ойнауды чех музыканты В.Живныйдан, 12 жасында композицияны поляк композиторы Ю.Эльснерден үйреніп, тәлім алған. 1929 жылы Варшава Жоғары музыка мектебін бітірген. Жеті жасында алғашқы шығармасы — фортепьяноға арналған соль минор полонезін шығарған оның фортепьяно мен оркестрге арналған 2 концерті, 4 пьесасы, 4 балладасы, 4 скерцосы, 4 экспромты, 16 полонезі, 58 мазуркасы, 17 вальсі, 21 ноктюрні, 26 прелюдиясы, 27 этюді, сондай-ақ көптеген әндері, рондолары, вариациялары және басқа да шығармалары бар.
Композитордың шығармалары поляк ұлттық музыкасының зор жетістігіне әрі дүниежүзілік музыкалық классиканың үздік үлгілеріне жатады. Музыкадағы реализмнің ірі өкіліне айналған Шопеннің өміршең әрі психологиялық шындыққа негізделген терең мазмұнды туындыларында поляк халқының азаттық үшін күресі мен қаһармандық идеялары үлкен суреткерлікпен бейнеленген.
Ф.Шопеннің шығармаларына арналған концерт елімізде алғаш рет 1923 жылы Алматы қаласында музыкалық драма үйірмесінің күшімен ұйымдастырылған болатын. Сонан бері Қазақстанда оның әралуан музыкалық туындылары орындалып келеді.