”Кембриджде оқығаны да өтірік”: 1,5 млрд жымқырды деген күдікке ілінген Перизат Қайрат туралы не белгілі

Caravan.kz медиа порталының тілшісі “BizBirgemiz Qazaqstan” қайырымдылық қорының басшысы туралы белгілі болған ақпараттарды ұсынады.

Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметінше, Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған 1,5 млрд теңгені жымқырды деп күдіктелуде.

“Қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылды. Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге "Mercedes-Benz S450", 80 млн теңгеге "Lexus LX-600" және 39 млн теңгеге "Haval" автокөліктерін сатып алған. Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 млн теңге болатын елорданың премиум санаттағы "Akbulak Riviera", "Highvill Ishim Gold", "Көк Жайлау" ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ "Vela Village" коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алған”, - делінген ҚМА жариялаған хабарламада.

ПЕРИЗАТ ҚАЙРАТ КІМ?

Перизаттың әлеуметтік желідегі жазбасына сүйенсек, ол 32 жаста. Ақтөбе қаласында туылып, мектепті Ақтау қаласында оқыған. Астанаға 2015 жылы көшіп келген. Британдық Nottingham университетінде бизнес менеджмент мамандығы бойынша білім алған. 2016-2020 жылдар аралығында Біріккен Араб Әмірлігінде өмір сүріп, Абу-Даби қаласындағы түрлі компанияда жұмыс істеген. Араб елдеріне ет өнімдерін экспорттайтын отбасылық кәсіптері бар. Сондай-ақ, премиум санаттағы гүлдер сататын Rebel Flowers атты гүл дүкенінің иесі. 10 жасынан бастап қазақ тілінде өлең, монолог жазумен де айналысқан.

ҚОР ТАРИХЫ

“BizBirgemiz Qazaqstan” қорының ресми сайтындағы ақпаратқа сенсек, Перизат Қайрат басшылық ететін қор 2021 жылдың 3 маусымында жалпыұлттық еріктілер қозғалысы ретінде құрылған. Қозғалыс қатарында 15 мың ерікті болған. 5000-нан астам ерікті халықтың әлеуметтік осал топтарына ауқымды атаулы көмек көрсетсе, 80-нен астам ерікті Риддердегі өрттен зардап шеккендерге көмек көрсетуге алғашқылардың бірі болып тікелей қатысқан.

Перизат Қайрат қор басшысы ретінде ұйымның жұмыс істеу бағытын былай түсіндірген:

“Біз Қазақстан халқына дағдарыстар мен төтенше жағдайлар кезінде көмек пен қолдау көрсетеміз.

Біз халықтың осал топтарының өмірін жақсарту және халықаралық көмек жобаларына қатысу арқылы әрбір адам жақсы болашақ құруға үлес қоса алатын тұрақты ортаны құруға ұмтыламыз. Бұл ерекше қажеттіліктері бар отбасыларға қолдау көрсету, табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсету және әртүрлі төтенше жағдайлардан қалпына келтіруге қатысу”, - делінген сайттың бастапқы бетіндегі жазбада.

ПЕРИЗАТТЫҢ КЕМБРИДЖДЕ ОҚЫҒАНЫ ӨТІРІК ПЕ?

Перизат Қайрат ағымдағы жылдың 8 шілдесінде әлемдегі ең үздік жоғары оқу орынларының бірі Кембриджге оқуға түскенін қуана хабарлаған болатын. Алайда, Азамат Сәрсенбаев есімді блогер бұл ақпаратты жоққа шығарды.

“Досымның айтуымен Перизаттың Кембриджге оқуға түскенін әлеуметтік желіге мақтана жариялаған жазбасын зерттедім. Кембридж университетінің ресми сайтынан онда оқитын студенттерді аты жөні арқылы іздеуге болады. Мен Перизат Қайратты іздеп көргенімде, сайт ондай студентті жоқ деген ақпарат шығарып берді. Ал суретте Перизат ұстап тұрған Кембридж логотипі бар қойын дәптерді кез келген сайттан сатып алуға болады екен”, - деп жазды блогер.