"Дірілдеп, қалшылдап, елді залға қинап отырғызып қоюдың не керегі бар": Роза Рымбаева жасы ұлғайған әріптестері туралы

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол "1001 түн" бағдарламасына берген сұхбатында жасы ұлғайса да сахнадан кетпей жүрген әріптестерін сынады.

"Сахнадан уақытында кеткен дұрыс. Дірілдеп, қалшылдап, бүкірейіп, елді концертке бұйрықпен жинап, залға қинап отырғызып қоюдың не керегі бар?! Сен өзіңнің уақытыңда кетсең, халықтың, көрерменнің көз алдында сол деңгейде тұрасың, сол келбетіңмен қаласың. Дірілдеп, не дауыс жоқ, не түр жоқ кезде шығудың керегі бар ма?! Біздің кейбір әртістеріміз солай шыққан кезде мен "бекерге осы түрін көрсетті" деп айтамын. Мен өзіме сынмен қарайтын әншімін. Егер дауысым онша шықпай, жағдайым дұрыс болмаса өзіме "уақытында сахнадан кет" деп сөз бердім", - дейді Роза Рымбаева.

Сондай-ақ, өнер иесі өміріндегі орны толмас қайғы туралы да айтты.

"Ең бірінші өкінішім - 23 жыл бірге өмір сүрген, екі балам дүниеге келгенде, Халық әртісі деген атаққа жеткізген жолдасымның аяқ астынан өмірден кетіп қалғаны. Ол - орны толмайтын қайғы. Сіздердің алдарыңызда күліп, әңгіме айтып отырғанмен ол кісінің аты аталғанда ішімнен жылап отырамын. Себебі, маған ол кісі жасым ұлғайған сайын жетіспей тұрады. Менімен сырласатын, бүгінгі бағдарламамды бірге жасайтын, дирижерлік пультта бірге тұратын жолдасым аяқ астынан ұйықтап жатып кетіп қалды. Әрине, қазір мен жалғыз емеспін. Екі ұлым Әли мен Мәди менің бүкіл гастрольдік сапарымды, концерттік бағдарламамды, үлкен оркестрмен жұмыс істеуді, режиссерлік қойылым, сценарий барлығын жасап жатыр. Сондықтан менің екі қанатым бар. Олар үшін өмір сүргім келеді, алдарында тіпті жақсы формада болғым келеді", - дейді ол.