Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Әнші «Kezdesu» бағдарламасына берген сұхбатында өнер адамдарының көп жағдайда әлеуметтік желіде өмірінің тек жылтыраған тұсын көрсететінін айтты.
“Көбісі әншілерді концерттен көп ақша табады деп ойлайды. Жалпы біз баймыз. Ақша, дүние жағынан емес. Алла тағала жұрттың бәріне ақындық, сазгерлік беріп жатқан жоқ. Сол жағынан баймыз. Әйтпесе кредиттен кредитке жүргеніңді ешкім білмейді. Мен кредитсіз өмір сүре алмаймын. Біз ашылып сұхбат бермейміз, көбіне өтірік сөйлейміз. Керемет жанұя болып көрінеміз, тек жылтыраған жағын саламыз. Жұрттың бәріне ұнағымыз келеді. Жасандылықтың бәрі қалып бара жатыр. Бұрынғыдай жасанып киінбейміз, боянбаймыз. Өйткені, адамзат жасандылықтан шаршайды. Табиғи дүниелерге қайтып келе жатырмыз. Дәм, шаттық сезінуден қалып бара жатырмыз. Барлығы да тәжірибе, табиғаттың өзі мәжбүрлегеннен кейін адамдар өзінің болмысына қайтып жатқан шығар”, - дейді әнші.
Сонымен қатар ол дін мен психологияның ортақ тұстары бар екенін айтып, исламдағы әйел мәселесіне қатысты пікірін білдірді.
“Құранды, психологияны болсын жеткізуіне, тәпсірлеуіне байланысты. Дін мен психолгияны құбыжық қылып көрсетуге болады. Бірақ екеуінің арасы алыс емес. Екеуінің де айтатын нәрсесі - кішіпейіл бол, қарапайым, шынайы бол, сөйте тұра құныңды біл. Бізде ер азаматтар исламды өз пайдаларына қарай бұрып алған. Неге біз Мұхаммед (с.ғ.с) көркем мінезін үлгі қылмаймыз? Ол әйелдеріне қандай жұмсақ болған. Неге біз оның сүннеттері туралы айтпаймыз? Неге исламда әйел бүйту керек дегенді айтамыз? Неге еркектер жағдайы жақсы болса, тоқал алу керек? Кезінде Әйгерім Сейфолла менен “Тоқалға қалай қарайсыз” деп сұрады. Мен жалпылама жауап беріп, “Қазақтың бәрі бәйбіше, тоқалдан тарайды ғой” дедім. Өзім, күйеуім жақта да тегімізде де бар. Бірақ адам бәрібір сөзіне жауап береді екен. Мен қазір тоқал алуға қарсымын. Сен бір әйелді бақытты қыла алмай тұрып, бір әйелдің хақысын толық бере алмай тұрып, ол - нәпсі”, - дейді Роза Әлқожа.