Ол қазақ тілінде фэнтези жанрында кітаптар тым аз екеніне налыған, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Бұл туралы ол желідегі парақшасында мәлімдеді.
"Балалармен кітап дүкеніне бардым…Келісім бойынша қазақ тілді роман, проза, фантастика алмақ болғанбыз. Бірақ мынандай мәселеге тап болдық. Қазақ тілді шығарманың басым бөлігі дала, жайлау, көшпенді ел, барымта, соғыс жайлы екен.
Қалада туып-өскен бала галактика, жасанды интеллект, матрица әлемі туралы оқығысы келеді.
Мені ойландырғаны, аграрлы өмірден урбанизацияға кеткелі қанша уақыт өтті?! Қалада туған бала жайлауды, жылқының ат-әбзелдерін біле бермейді. Бірақ ол үшін оны айыптай аламыз ба?
Байқағаным бізге қалалық әдебиет, детектив, фентези жанрлары жетпейді екен. Мысалы Алдаркөсені дәл сол қалпында адам алдайтын кейіпте емес, ақылды, өте парасатты, Шерлок Холмстың деңгейіне неге көтере алмаймыз? Әдебиетіміз әлеммен санасатын кез келмеді ме?
Неге әдеби кейіпкерлер әлі күнге кино мен мультипликация кейіпкерлеріне айнала алмай отыр? Неге әлі ат мініп, жайлауда шапқылап жүр? Біздің кейіпкерлер жаңа уақытпен санасатын, тыныстайтын уақыт келді емес пе? Бәлкім мен білмейтін фентези жанрында шығармалар бар шығар? Жаза отырыңызшы", - деп жазды ол.
Оқырмандар өнер иесінің бұл пікірімен келіспеген. Олар: "Біреудің қиялынан туған шатпыраққа қарағанда, қазақы кітаптар жақсы емес пе? Керісінше осы кітаптар арқылы ғана балалар өздерінің салт-дәстүрін біршама танитын болады", "Керек емес ондай жанрдағы кітаптар, баланың миын ашыту, ертегілер оқысын одан да", "Бұл пікіріңізбен келіспеймін, ертіге кітаптар толып тұр, соларды оқыту керек" деген пікірлерін жаудырып жатыр.