Бұл туралы ол "Алғашқы" бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Әншінің айтуынша, оған әсіресе Алматыға келген жылдары қиын болған.
“Алматыға бала-шағаммен қара түсті “Вольга” көлігімен келдік. Пәтердің алдына түсіп жатсақ, шешем бар, әйелім, 4 баланы көріп, көршілер сығандар келіпті деп айтыпты. Ортаншы қызым Алматыға келуімізді қатты қалады. Бірақ пәтерді көріп, ауылға қайтайықшы деді. Ол кезде 4 бала көп бала еді. Жұрттың бәрі қарайды. Біздің жақта және менің қатарластарымның арасынан мен ғана азбалалы әкемін. 4 балам бар десем, шалқасынан түседі. Содан үшеу деп айтатын болдым. Кейін мүлдем балаларымның санын айтпадым. Әйелім медициналық тіркеуге тұрды. Содан медбике 4 баланы тіркеп жатқанда "оларды қалай асырайсыңдар" деп ұрысқан. Әйелім үйге жылап келді. Менде жұмыс жоқ. Сөйтіп, біз көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы алып жүрдік. Бізді шақырып алып, жұмыс істетеді. Райымбек бабамыздың ескерткіші тұрған жердің ар жағында мазарат бар. Сол жерге мені жұмысқа тұрғызды. Мен орыстардың зиратында шөп жұлып, сыпыратынмын. Алматыдағы алғашқы қадам осылай бастады”, – деп ағынан жарылды әнші.