1 сәуірден бастап Ресей бензин экспортын тоқтатады. Бұл Қазақстанға әсер етеді ме?

Ресей 1 сәуірден 31 шілдеге дейін бензин экспортын уақытша тоқтатуды жоспарлап отыр. Бұл шара жанармай құю станцияларындағы бағалардың өсуін тежеу мақсатында енгізілмек. Мұндай шешім Қазақстанға қалай әсер етеді? Caravan.kz медиа порталының тілшісі қаржы маманының пікірін сұрап білді. 

Үкімет төрағасының орынбасары Новак Энергетика министрлігіне тиісті қаулы жобасын әзірлеуді тапсырды. Вице-премьердің айтуынша, Таяу Шығыстағы дағдарыс салдарынан әлемдік нарықтағы баға тұрақсыз болып отыр. Сол себепті аталмыш шара ішкі нарықтағы жанармай бағасының күрт өсуіне жол бермеу мақсатында жасалмақ.

Айта кетейік, мұндай шектеу Қазақстан үшін бірінші рет емес. Былтыр Ресей экспортқа шектеу енгізген сәтте Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов елімізге еш әсер етпейді деп мәлімдеген. Ресейдің бензин экспортына уақытша шектеу енгізуі жыл сайын қайталанатын құбылыс. 

«Бұл жағдай үшінші жыл қатарынан қайталанып отыр. Ресей Федерациясы тек АИ-92 және АИ-95 маркалы бензинге шектеу қояды. Бірақ тиісті үкіметаралық келісімдерге қол қойған елдерге, соның ішінде Қазақстанға  бұл шектеу қолданылмайды», - деген еді министр.

Сондай-ақ министр Қазақстан ішкі нарықты өзі толық қамтамасыз ете алатын жағдайда екенін, тіпті жанармай экспорты да тоқтамағанын жеткізген.

Қазір пайда болған ақпаратқа қатысты қоғам түрлі пікір білдіре бастады. Бірі велосипедке отырамыз десе, басқалары газға ауысатындарын жазып жатыр. Бұл ретте Caravan.kz медиа порталының тілшісі экономист Айбар Олжаевтың пікірін сұрады. 

Маманның айтуынша, Ресейдің шектеуі Қазақстанға әсер етпейді. 

«Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасында үкіметаралық келісім бар. Сондықтан бұл мемлекеттерге тыйым салынбайды. Қазақстан Ресеймен 2028 жылға дейін келісім жасасқан, яғни біз бензинді ешқандай баж салығынсыз импорттаймыз. Басқа елдерге экспорт тоқтатылса да, жыл сайын келісілген көлем бізге еш кедергісіз келіп отырады», - дейді экономист. 

Осы ретте Қазақстан басқа елдерге қаншалықты тәуелді деген сұрақ туындайды. Егер импорт шектелетін болса, еліміз ішкі сұранысты жаба алады ма?

«Біз өз қажеттілігімізді әрең жауып отыру үшін елдегі үш мұнай өңдеу зауыты жылына бір де бір рет жөндеуге жабылмай, 365 күн жұмыс істеп тұру керек. Ал ол мүмкін емес. Әр зауытқа жоспарлы жөндеу жұмыстары керек. Сондықтан жетпей жатқан көлемді жоспарлап, Ресеймен келісіп қойғанбыз. Одан бөлек бізде арзан бензин контрабандасы көп. Қырғызстан мен Өзбекстан фуралары құйып алып кетуде. Сондықтан мораторий аяқталған соң, елімізде жанармай бағасы ақырындап өсе бастайды. Бағаны көтеру - контрабанданы тоқтату үшін қажет», - дейді маман. 

Оқи отырыңыз: Жанармай бағасы 450 теңгеге жетуі мүмкін бе?