"Газ камерасына" тең: Алматының ауасы қашан тазарады?

Алматыны қара түтін басты. Ауаның ластануы уақытша құбылыс емес, тұрақты әрі үлкен мәселеге айналып барады. Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады. 

Қала тұрғындарының шағымдары күн сайын артуда. Әлеуметтік желіде тарап жатқан видеолар мыңдаған пікір жинауда. Халықтың денсаулығы нашаралап, түрлі ауруларға шалдығуы дабыл қағатын күн тәртібіндегі өткір мәселеге айналды. Алматының келбеті мен таулары қалың смог астында көрінбейтін деңгейге жетті, ал күйік иісінен тыныс алу мүмкін емес. Терезе алдында жиналатын қара шаңнан өнер иелері түрлі суреттер сала бастаған. Бұл сарапшылар мен қоғам белсенділерінің назарын аудартты. Сол себепті халық биліктен нақты жауап пен әрекет күтеді. 

31 қазан күнгі IQAir халықаралық экологиялық мониторинг платформасының деректеріне сәйкес, Алматы әлемдегі ең лас ауа райы бар ірі қалалар рейтингінде төртінші орынға қайта шықты. Бұл тізімде Лахор, Карачи және Дели алда тұр. 

PM2.5 нормадан 14 есе асып түсті

«Қазгидромет» деректеріне сәйкес, 31 қазанда қала атмосферасындағы PM2.5 бөлшектерінің концентрациясы 137 мкг/м³, ал PM10 деңгейі 143 мкг/м³ болған. Бұл көрсеткіш Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) орташа жылдық нормасынан 14 есе жоғары.

Атмосферадағы ұсақ бөлшектер (PM2.5) — ең қауіпті ластаушы элементтердің бірі. Олар адам ағзасына өкпе арқылы еніп, жүрек-қан тамыр және тыныс алу жүйелеріне зиян келтіреді.

«Қазгидромет» мәліметінше, 1–2 қараша күндері метеорологиялық жағдай ауаның аздап тазаруына мүмкіндік беруі мүмкін. Дегенмен, жалпы алғанда, қалада жоғары ластану деңгейі сақталады.

Айта кетсек, 28 қазанда да Алматы әлемдік рейтингте дәл осы төртінші орында тұрған болатын. Сол кезде синоптиктер ауа сапасының жақсаратынын болжаған еді, алайда болжам шындыққа жанаса қоймады.

Сарапшылардың айтуынша, смогтың қалыптасуына бірнеше фактор әсер етеді: автокөлік шығарындылары, жылу электр орталықтары, көмір жағып отырған жеке сектор, сондай-ақ қаланың климаттық және рельефтік ерекшеліктері. Қыста температуралық инверсия мен желсіздік салдарынан лас ауа ойпатта «қамалып», жағдайды одан әрі күрделендіреді.

Смогтың күнделікті өмірге қалай әсер ететінін білу үшін біздің тілшіміз жариялаған видеодағы пікірлерді саралап шықтық. Бас ауруы, аллергия сынды аурулар көбейген, ал балалар ұзаққа созылатын жөтелге ұшырап, иммунитеттері әлсіреп барады. 

«Дем алу мүмкін емес».

«Таңертең үйдің іші түгелдей қара шаңға толады, көзіміз ашиды». «Терезені ашсаң кір-қоқыс ұшып кіреді». 

«Бұл экологиялық дағдарыс».

«Билік кінәлі, Алматыны ғана дамытып басқа қалаларды ұмытты. Жұмыс орындарының барлығы осы жерде, басқа өңірлерді дамытып, адамдарды сол жақтарға тарту керек».

«Қаланы адамдардан, көліктерден босату керек, сол кезде тазарады».

«Бізге электроавтобустарға ауысу керек. Мәскеуде көліктер саны көп, бірақ ауасы Алматыдай нашар емес». 

«Ташкентте не болып жатқаны сұмдық, біз тұншығып жатырмыз».

«Көмірді тұтынуды доғару керек», - деп жазып жатыр. 

Қалалық экологиялық реттеу бөлімінің басшысы Мерей Оразымбетованың айтуынша, Алматыдағы ауаның ластануына негізінен автокөліктер әсер етеді. 

«Мониторинг деректеріне сүйенсек, жалпы шығарындылардың 60 пайызы автокөліктерге тиесілі. Сонымен қатар, ірі энергетикалық нысандардың, атап айтқанда ЖЭО-2-нің әсері бар. Сондай-ақ климаттық жағдайлар - температуралық инверсия, әлсіз ауа алмасу және қаланың тау бөктеріндегі рельефі де ықпал етеді», - дейді ол.

Сарапшының сөзінше, Алматыда ауа сапасына тұрақты мемлекеттік бақылау жүргізіледі. Атап айтқанда 16 стационарлық бекет жұмыс істейді, ластанудың 25 көрсеткіші өлшенеді. Жеке секторды газдандыру және жылу электр орталықтарын жаңғырту шаралары іске асырылып жатыр. Мысалы ЖЭО-2 газға кезең-кезеңімен көшірілуде, ал ЖЭО-3 үшін де осындай шаралар жоспарланған. Нәтижесінде зиянды шығарындылар көлемі 13 мың тоннадан 1,6 мың тоннаға дейін қысқаруы тиіс.

Статистика көліктердің жүктемесінің өскенін растайды. Полиция департаментінің мәліметінше, өткен жылы Алматыда  600 мыңға жуық көлік тіркелген, 2025 жылдың алғашқы 10 айында олардың саны 675 мыңға жеткен. Одан бөлек күн сайын Алматы облысынан қалаға 400 мыңға жуық автокөлік кіріп-шығады. Бұл да ауаның ластануына ықпал етіп отыр. 

Эколог Мэлс Хамзаұлы автокөліктердің смогтың қалыптасуындағы рөлі жиі бағаланбайтынын, ал ЖЭО-ның әсері керісінше, асыра бағаланатынын атап өтті.

«№2 ЖЭО-ның мұржасынан шығатын түтін қаладан тысқары кететінін көрсеңіз, нысан дұрыс жерге салынған. Ал қара смогтың көбеюі ол тозған автокөлік шиналарының өнімі. Жүргізуші әр екі күн сайын резеңке қабатын ысқылап, бұл микробөлшектер ауаға таралады. Бұл ауыр фракция, әсіресе балалар үшін қауіпті: өкпеге шөгіп, қатерлі ісік ауруларына әкелуі мүмкін», – дейді эколог.  

Ол сондай-ақ қоғамдық электр көлігінің маңызды рөлін еске салып, трамвай жүйесінен бас тартуды елеулі қателік деп санайды.

«Трамвай – ең экологиялық таза көлік түрі. Ол шығарынды бермейді, дөңгелектері рельстермен жүреді. Бірақ бұл жүйе жойылды, соның салдары экологияға тікелей әсер етті» – деп атап өтті сарапшы.  

Ол қазіргі жағдайды адамдар лас ауамен тыныстауға мәжбүр «газ камерасына» теңейді.

Билік экологияны жақсарту шаралары жүйелі сипатта жүргізіліп жатқанын мәлімдейді. 2024 жылы Алматы мен Астананың экологиялық проблемаларын кешенді шешуге арналған жол картасы бекітілді, оған 13 іс-шара кіреді, оның тоғызы оңтүстік астанаға қатысты. Олардың қатарында жел режимін ескере отырып, бас жоспарды түзету, электр және газ отынымен жүретін көліктерді дамыту, дизельді автобустарды пайдалануды шектеу, техникалық тексеру станцияларындағы шығарындыларды бақылауды күшейту, коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасы және басымдықты аймақтарды көгалдандыру бар.

Сарапшылар ауа сапасын жақсарту – ортақ міндет екенін атап өтеді. Қатты отынды пайдалануды азайту, кем дегенде, қарбалас уақытта жеке көліктен бас тарту, экологиялық таза энергия көздеріне көшу және тіпті аулаларға ағаш отырғызу да тиімділік бере алады. 

Басқа елдердің тәжірибесі смог мәселесін шешуге болатынын көрсетіп отыр. Қытай газдандыру мен қатаң бақылауға, Үндістан көлік қозғалысын шектеуге, Моңғолия көмірден бас тартуға басымдық берді. 

Әзірге Алматы қыс мезгілін тағы да қалың смогпен қарсы алуда. Қала тұрғындары жалпылама сөздерді емес, түсінікті түсіндірулер мен нақты әрекеттерді талап етуде, өйткені жыл сайын мәселе тек шиеленісе түсуде. Қала бұл жағдайды өзгерте ала ма? Оны уақыт көрсетеді. Ал қазір алматылықтар бар нәрсені жұтуға мәжбүр.