Бүгін Мәжіліс ойын бизнесі және лотереяларға қатысты заң жобасын екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Жаңа заңның ең басты ерекшелігі – борышкерлердің біріңғай реестріне енгізілген азаматтардың құмар ойнауына тыйым салынады. Яғни, ендігі жерде алимент төлемей қашып жүргендер, несие бойынша қарызы бар адамдар бәс тіге алмайды. Бұл туралы Оңғар Қабден өзінің парақшасында егжей-тегжейлі жазды.
Статистикаға сүйенсек, қазіргі таңда борышкерлер реестрінде 3,5 миллионға жуық адам тұр. Енді солардың бәрі ставка тіге алмайды.
Заңның келесі ерекшелігі – букмекерлік кеңселерді, құмар ойындарды ашық жарнамалауға тыйым салынбақ. Мысалы, ғимараттарда, құрылыс орындарында, көліктің сыртында, жалпы бұқаралық ақпарат құралдарында жарнама жасауға болмайды. Тек спорттық хабар тарататын БАҚ-тар мен спортқа қатысы бар ғимараттар, жабдықтарға қосуға ғана мүмкіндік беріледі.
Ставка бизнесінің артында тұрғандар бұл заңды қабылдатпауға күш салатыны сөзсіз. Себебі, ойын бизнесінің нарығы жылына триллион долларға жететін көрінеді. Ставка мен лотереяның артында үлкен лоббистер тұрғаны анық.
Бүгінгі Мәжіліс отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев мұны ашық айтты. Мәжіліс депутаттары табандылық танытып, лоббистердің жетегінде кетпей осы заңды қабылдайды деп үміттенеміз.
"Айтпақшы, футболдан ел чемпионаты Olimpbet, Бірінші Лигамыз 1ХBET деп аталады. Оларды не істейміз?", - деп сұрақ қойды ол.
Айта кетейік, былтыр жалғыз ғана белгілі букмекерлік кеңсе мемлекет бюджетіне 44 миллиард 153 миллион теңге салық төлеген. 2022 жылы 52 млрд 322 миллион, 2021 жылы 36 млрд 977 миллион төлеген екен.