Мұндай кезде атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды заттар жиналып, ауа сапасы нашарлауы мүмкін. Осылайша сарапшылар тұрғындарға ашық ауада ұзақ жүрмеуге кеңес берді. Шындығында қара түтінге оралып, ауа сапасының нашарлауы кейбір қалалар үшін күнделікті жағдайға айналған. Caravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты жалғастырады.
Caravan.kz медиа порталы экологиялық тақырыптарда көптеген материалдар жазды. Әсіресе Алматының жағдайы жиі талқыға түседі. Оқи отырыңыз: Көмір мен отынға қатаң тыйым салынады: Алматы қара түтіннен құтыла алады ма?
Бұл жолы Өскеменді қара қалың түтін басты. Аспан көрінбей, жердегі қар сарыға боялған. Салдарынан мектеп оқушылары қашықтан оқуға көшуге мәжбүр болды. Ал тұрғындар денсаулықтарының нашарлағанын айтып шағымдануда. Кейбіреулер шаң-тозаңнан, улы газдан сақтану үшін респиратор тағып жүр.
Мәселе бір қаламен шектелмейді. Қолайсыз метеорологиялық жағдай туралы ескерту бірнеше ірі қалаларға таралды. Өскеменнен бөлек, Семей, Риддер, Павлодар, Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Теміртау, Ақтөбе және Астана. Экологиялық мәселенің ауқымы жыл сайын артып келеді. Мысалы, Атырауда күкіртсутек деңгейінің асып кетуі, орталық аймақтарда көмір тұтынудан шығатын тұман, Алматыда ЖЭО мен инверсиядан туындайтын созылмалы мәселе. Осылайша жыл сайын қайталанатын көмір мен өндіріс түтіні аралас қысқы смог халықты әбігерге салды. Парадокс мына жерде: халық тұншығып жатқанда, қағаздағы ресми мәліметтер ауа сапасын денсаулыққа зияны жоқ қалыпты жағдайда деп бағалап отыр.
Өскемен тұрғындары сары қар мен қаланы басқан қара түтіннің видеоларымен әлеуметтік желіде бөлісе бастады. Бұл қалыпты жағдай. Себебі халық қағаздағы статистикамен емес, осындай жағдайда өмір сүріп келеді. Айтуларынша, ауаның ластанғаны сонша, терезені ашқан кезде металл иісі шығады, артынша жөтел басталады.
«Түнде түтіннен қала көрінбейді, таңертең бас ауырып, тамағым жыбырлайды».
«Қаладан кетсек қана тынысымыз ашылып, ұйқымыз дұрысталады».
«Смогтан балаларымыз ауыра береді».
«Мынау тұман емес, тұманның иісі жоқ», - дейді тұрғындар.
Иә, мынау суретке қарасаң аспан бұлтты деп ойлап қалуың мүмкін, алайда бұл қаланы басқан қою түтін.
Жарияланған деректер алаңдатарлық
Әсіресе өкпе ауруларының көбеюі ауа сапасымен байланыстырылып отыр.
Денсаулық сақтауды қаржыландыру сарапшысы Али Нұрқожаевтың пікірінше, мәселенің салдары экономикалық тұрғыдан ауыр.
«Жыл сайын онкологиялық ауруларды емдеуге шамамен 300 млрд теңге, ал тыныс алу жүйесі ауруларына 100 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалады. Бұл — тек медициналық мәселе емес, бұл адами капитал мен экономиканың жоғалуы», - дейді маман.
Ауаның ластануынан тыныс алу жолдары мен онкология ауруларының өсуі арасындағы байланысты дәрігерлер де растап отыр. Әсіресе, Өскемен аймағында өкпе қатерлі ісігінің жағдайы алаңдатады.
Яғни, арзан энергияның салдары қымбат емге айналып отыр. Ал ірі кәсіпорындар экологияны ластағаны үшін 3,5 млн теңгеге жуық айыппұл төлейді. Алайда мұндай шара көмектеспейді, дейді мамандар. Миллиардтық айналым аясында бұл жаза емес, тек операциялық шығын сияқты көрінеді.
Тексерулер прокуртура арқылы хабарландыру және тіркеу процедурасымен күрделене түседі. Әлеуметтік желілердегі фото мен видеолар дереу әрекет ету үшін ресми негіз болып саналмайды.
Шенеуніктердің пікірінше, басты себеп - жылыту маусымы, жеке сектор мен көліктер. Шараның бір түрі ретінде жұп және тақ нөмірлермен жүруді шектеу де қарастырылған. Алайда экологтар мұндай шешімді косметикалық деп санайды. Олардың айтуынша, мәселені шешу үшін көмірден толықтай бас тарту керек.
"ЖЭО-лар басты қауіп көзі. Олар көмірмен жұмыс істейді, ал ол ең лас отын түрі. Қала аумағында көмірді тұтына беретін болсақ, ауаның ластануынан құтылмаймыз", - дейді тәжірибешіл экологтар қауымдастығы басқарма төрайымы Лаура Маликова.
Ол көптеген шекті рұқсат етілген концентрациялар бойынша нормативтердің Кеңес одағы кезеңінен қалғанын, мазмұндық тұрғыдан өзгермегенін атап өтті.
«Ауаны ондаған жыл бұрын қабылданған нормативтермен бағалап отырмыз. Иісін сеземіз, бірақ құжат бойынша қауіпсіз болып қала береді. Сондықтан заң жүзінде смог бар болса да, қауіп жоқ деп көрсетіледі».
Ауа сапасының жаңа мемлекеттік стандарты 2024 жылғы 1-қаңтарға дейін қабылдануы тиіс еді. Бірақ қазір оны енгізу 2030 жылға шегерілген.
Балалар қауіпті топта
PM2.5 бөлшектері — микроскопиялық, бірақ ең қауіпті. Олар өкпеге терең еніп кетеді. Балалар қысқа тыныс жолдары мен организмнің даму ерекшеліктеріне байланысты қатты зардап шегеді.
Аймақтық бағалаулар бойынша, Орталық Азияда мыңдаған балалардың өлімі тікелей ауа ластануымен байланысты.
Сондықтан ауаның ластану күндері мектептер бірінші болып жабылады.
Неге ресми есеп пен шындық сәйкем емес
Тұрғындар тәуелсіз датчиктер көрсеткішіне сүйенеді. Онда норма ондаған есе асады. Ал ресми өлшем 1–2 ШРК ғана көрсетеді.
Эколог Бекберген Дүйсенбайұлы мұны өлшеу тәсілімен түсіндіреді.
«Орташа тәуліктік көрсеткіш алынады. Қысқа уақыттағы шарықтау мәндері сол орташа санның ішінде жоғалып кетеді. Яғни адам қауіпті ауамен дем алуы мүмкін, бірақ есепте бәрі «қалыпты» болып шығады", - дейді сарапшы.
Мәжіліс депутаты Марат Башимов сұрақты саяси мінберден көтерді.
«Ластанған өңірлерде тұратын азаматтардың жалақысы мен әлеуметтік төлемдерін есептеуде экологиялық коэффициент енгізіле ме?», - деп сұрақты төтесінен қойды.
Яғни мемлекет зиянды ортада өмір сүруді ресми түрде мойындай ма деген сұрақ қойылып отыр.
Сенім дағдарысы
Адамдар ресми сандарға сенбейді, өйткені күнделікті өмірдегі шындық қағаздағы сандармен сай келмейді. Осы сәттен бастап мәселе экологиядан әлеуметтік сенім мәселесіне айналады. Сондықтан қазіргі шындық екіге бөлінді. Халықтың жанайқайы билікке жетеді ме? Және мемлекет оны қашан ресми түрде зиян деп мойындап, нақты шаралар қабылайды? Оны уақыт көрсетеді.