Нағыз неке – бір-біріне қарыз екі психтың ант бергені емес

Сарапшылар да үнсіз қалып жатқан жоқ. TikTok секілді әлеуметтік желілердің беті неше түрлі мемге толған. Замандасымыз әрі әріптесіміз Айбар Олжаев осы тақырып аясында толғанып, азаматтық ойын, принципін білдіріпті. Сарапшының пайымынша, Қазақстан абьюзерліктің шегіне жетіп қойды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Қаржылық сауат-қа сілтеме жасап.

Ойдан ой туады дейміз ғой. Біз де бөлісейік деп шештік. Таразылап, ой елегінен өткізетін – өзіңіз.

"Осының барлығы әйел анандай болу керек, мынау мынандай болсын дегеннен шықты. Көбіне ұнамайтын ащы шындық бар – расында ешкім ешкімге ештеңе қарыз емес. Ешкім ешкімнің нотациясын тыңдап, соған бола өзін кінәлі сезінуге міндетті емес. Бұл шындық әйелінің мойнына отырып алған абьюзер еркекке, еркектің балағына жабысып жатып алған абьюзер әйелге ұнамайды", – деп жазады автор.

Кезінде әнтек жымиып "мен енді ешкімге ештеңе қарыз емеспін" деп салқынқанды айтқан фразам айналамда паника тудырған еді. Сен ешкімге ештеңе қарыз емессің. Сен ештеңеге ештеңе үшін кінәлі емессің. Осыны түсінген адамның отбасында басында бунт болса да, кейін өзара жаймашуақ гармония орнайды деп сенемін.

Пофигизм туралы көп оқығандықтан, дені сау пофигизмнің қоғам дертін емдей алар күшін байқадым. Сара Найт, Марк Мэнсон сынды авторларды іздеп көрсеңіз, көп мәселені шеше аласыз.

Сіз ешкімге ештеңе қарыз емес екеніңізді осы постты оқып түсінсеңіз, ертең қатты қуанып оянасыз. Күн сайын өмір сүру жеңілдей береді, жеңілдей береді.

Кешке тамақ болмаса – трагедия емес. 12 минутта дайындай аламын. Ал бітпейтін негатив – ол проблема. Мен өз жүйкемді қатты қадірлеймін.

«Әбіржіп кеткен, ренжіп жүрген әйел + үстел толған тамақ, таза үй»

немесе

«Өзіне ұнайтын бизнесті дамытып жүрген, өз ортасы бар әйел + үйде не керек болса (тамақ, тазалық, үтіктелген киім) өзің жасап ал» системасында мен екінші нұсқаны таңдадым.

Дені сау цинизм, пофигизм және индивидуализм – психологиялық түзу қарым-қатынасқа бастай алады деп ойлаймын.

Жастар кейде кеңес сұрайды. Қиналып, үйленіп, бір-біріңді ұрып өлтіргенше, қазір үйленбей-ақ, өз жалақыларыңды өздеріңе құртыңдар, бір бастарыңа жетеді. Қазір шетелге шығып ел көріңдер, ақыл тоқтатыңдар деймін. 30-дан кейін, психологиялық тұрақтылық пайда болғанда, абьюз салдарын оқып білгеннен кейін, өзіңіз сияқты ойлайтын адам тауып, тең одақ құру – тамаша жол.

Нағыз неке – бір-біріне қарыз екі психтың ант бергені емес, екі терезесі тең тәуелсіз тұлғаның ресми рәсімделген одағы. Осындай түсінік көбейсе, біз артта қалған Абьюзстан елінен прогрессивті Қазақ Республикасына көшетін боламыз, – деп ойын аяқтайды Айбар Олжаев.