Қазақстанда отбасы және гендерлік саясат қалай жүзеге асып келеді? Caravan.kz медиапорталының материалында.
Мемлекет үшін ананы қорғау – ерекше мәселе. Қазақстан қыздарының сапалы білім алып, жақсы жұмысқа ие болуы және тәуелсіз болулары үшін барлық жағдай жасалуы қажет.
Халқымыз «Қыздың жолы жіңішке» дегенге ерекше мән беріп айтады. Бойжеткеннің жолы, қыздың жолы – қылдай, оны үзуге болмайды. Бойжеткен, әйел заты әрдайым біздің қоғамның теңқұқылы мүшесі, ал ана – оның ең ардақты тұлғасы болды. Қоғам әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіс.
Конституциямыз халықты ер-әйел деп бөле-жарып қарауға, кемсітуге тыйым салады. Сондай-ақ, соңғы жылдарда қоғамдағы әйелдердің рөлі мен теңсіздік мәселесін реттеу мақсатында бірқатар заң жобалары қабылданған.
Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік тұжырымдамасы мен 2009 жылы қабылданған «Тең құқықтардың мемлекеттік кепілдіктері және ерлер мен әйелдер үшін тең мүмкіндіктер» заңы бар. Және 2016 жылы қабылданып, қолданысқа енген Қазақстан Республикасындағы отбасы және гендерлік саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын да ерекше атауға болады. Аталған заңдар мен тұжырымдамалар әйел адамның қоғамдағы рөлін айқындауды мақсат етеді.
2022 жылы Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның гендерлік теңдік бойынша көрсеткіштерін жақсартып, 80-ші орыннан (2021 жыл) 65-ші орынға (2022 жыл) дейін көтерілгендігін сарапшылар атап өтті.
Көрсетілген пайыздық индекстер гендерлік теңдіктің ағымдағы жай-күйін төрт негізгі санатқа сүйене отырып есепке алады:
Экономикалық белсенділік. Әйелдер мен ерлердің еңбекке араласуы арасындағы айырмашылық, олардың тапқан табысының ара салмағы және қос тараптың лауазымды қызметке тағайындала алу көрсеткіші.
Білімге қолжетімділік. Аталған санат негізінде әйелдер мен ер азаматтар арасындағы сауаттылық деңгейі талқыға түседі. Кез келген деңгейдегі білім алу мүмкіндіктері есепке алынады.
Денсаулық сақтау мен өмір сүру деңгейі. Бұл санат қос тараптың денсаулық деңгейі арасындағы айырмашылықты сараптайды. Кей елдерде ұл баланың дүниеге келуі үлкен маңызға ие. Бұндайда қыз балалардың, яғни жалпы есепте әйел адамдардың азаюы орын алуы мүмкін. Аталған санат осы аралықтағы мәселелерді назарға ала отырып, ерлер мен әйелдердің өмір сүру ұзақтығына да негізгі бағыт бере айқындайды.
Саяси өкілеттіліктер. Бұл санат аты айтып тұрғандай ерлер мен әйелдердің саясатта ықпалды болып, билікке араласа алу қабілеттілігін бағалайды. Президент немесе премьер-министр лауазымындағылар мен министрлік пен парламентте қызмет ететін ерлер мен әйелдердің саны да есепке алынады.
Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бастап, демократиялық даму жолын қалыптастырып, ана мен бала, әйелдерге қатысты алғашқы қоғамдық маңызы бар құрылымдарды құра бастады.
Гендерлік теңдік стратегиясы дегенде біздің ойымызға тек әйелдердің құқығын қорғау деген түсінік келетіні анық. Бірақ шындығында, теңдік туралы құжат әйелдер мен ерлердің мүмкіндіктерін теңдей қарастырды.
Тұжырымдамада еліміздегі әйел затына барынша көмек көрсетілген, қолдау шаралары жан-жақты қарастырылған.
Бірінші кезең 2017-2019 жылдар аралығын қамтыды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі отбасы саясатын зерделеу мақсатында арнайы база құрып, алғаш рет «Қазақстандық отбасылар-2019» ұлттық баяндамасын әзірледі. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары бекітілді. Пилоттық режимде отбасылық соттар қызметі күшейтілді. Гранттар бойынша арнайы жобаларды жүзеге асыру басталды. Жалпы айтқанда, алғашқы кезеңді іске асыру барысында аталған салалар жақсы нәтижеге қол жеткізе алды.
Екінші кезең – 2020 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықты қамтиды.
Бүгінгі есеп бойынша, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жоспарланған 48 тапсырманың 16-сын нақты орындап, халық оның игілігін көре бастаған. Қалған жоспарлар кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Атап айтар болсақ, «Отбасы институтын нығайту заңнамалары жетілдіріліп жатыр. Оның бір ғана дәлелі барлық облыста «Baqytty Otbasy» және «Жанұя» отбасын қолдау орталықтарының ашылуы деуге болады. Жастар арасында репродуктивті денсаулықты жақсарту мақсатында жедел желі іске қосылған. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік отбасы картасын әзірлеп, оны іске қосып та үлгерді.
Үшінші кезең 2023 жылдан 2030 жылға дейін созылады. Аида Балаева Ұлттық комиссияның өткен жылда атқарған жұмысын қорытындылап, 2024 жылға жоспарларымен бөлісті.
«2023 жыл комиссия қызметінде табысты, нәтижелі болды. Мемлекет басшысы атап өткенбасымдықтарға сәйкес ұлттық комиссияның өткен жылғы қызметі әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелерді зерделеуге баса мән беріп, билік пен азаматтық қоғам және халықаралық ұйымдар арасындағы сұранысқа ие диалог алаңына айналды.
Ұлттық комиссия сарапшыларының қатысуымен Әлеуметтік кодекс әзірленіп, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне өзгерістер енгізілді. "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы әзірленді», - деп атап өтті Аида Балаева.
Оның айтуынша, 2023 жылы проблемаларды жан-жақты талдау, өңірлік ерекшеліктерді бағалау және өзекті мәселелер бойынша шешімдер әзірлеу үшін Ұлттық комиссияның сараптамалық топтарының өңірлерге бару тәжірибесі енгізілді.
Мониторинг және сараптамалық талдау қорытындысы бойынша жекеменшік мектепке дейінгі мекемелер мен жазғы лагерьлерде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, келеңсіздіктерге тосқауыл қою, сондай-ақ балалар арасындағы буллинг пен суицидті алдын алу бойынша бірқатар бастамалар әзірленді.
Зорлық-зомбылық құрбандарына тегін құқықтық және психологиялық көмек көрсету үшін "One Stop Service" жобасы іске қосылды. Жоба аясында әйелдер мен балаларға қатысты 36 қылмыстық іс бойынша қолдау көрсетілді. Резонанс тудырған 11 іс ерекше бақылауға алынды.
Әйелдер мен балаларды қорғау жөніндегі істермен айналысатын адвокаттар мен заңгерлерге арналған арнайы әдістеме әзірленді. Балаларға зорлық-зомбылық көрсету жағдайларына жедел әрекет ету алгоритмі дайындалып, мемлекеттік органдардың тәжірибесіне енгізілді.
Әлеуметтік маңызы бар 7 жоба, оның ішінде "Самұрық-Қазына"АҚ-мен бірлесіп 3 қайырымдылық жобасы іске асырылды.
Олардың қатарында Astana hab – пен бірлескен It-Aiel бағдарламасы бар. Бағдарлама 2 мың жұмыссыз әйелге табыс көзін арттыруға және фрилансерлік платформаларда ақша табуды үйрену арқылы қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуге мүмкіндік берді.
«Томирис» ұзақ мерзімді білім беру жобасы қалалар мен ауылдық жерлердегі табысқа жеткен қыздар мен әйелдерді қолдауға бағытталған.
Тағы бір сәтті жоба - шалғай аудандар мен ауылдарда тұратын азаматтарға медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік көмек көрсету және тексеру үшін іске қосылған «Саламатты Қазақстан» пойызы.
Отбасы, гендерлік саясат және демография мәселелері бойынша 12 зерттеу ұйымын біріктіретін ұлттық консорциум құрылды.
Өңірлерде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары, отбасын қолдау орталықтары және зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтары ашылды. Анықтама үшін "сенім телефоны" жұмыс істейді.
Отбасы және гендерлік саясат саласындағы халықаралық міндеттемелерді орындау және халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі міндеттерге ерекше назар аударылады.
Комиссия Қазақстанды халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде одан әрі ілгерілету жөніндегі міндеттерді орындады.
Ұлттық комиссия базасында шоғырландырылған мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ-ның жалпы қорытындылары беделді халықаралық алаңдарда талқылауға ұсынылды.
Жалпы, Мемлекет басшысы атап өткен басымдықтарды ескере отырып, ұлттық комиссия отбасылық-демографиялық және гендерлік саясат, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асыруда.
Ер мен әйелдің барлық жағдайда құқықтарының тең болуы елдің экономикалық өсіміне әсер етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйел мүддесін ілгерілету және құқықтарын қорғау, сайлауалды партиялық тізімдер бойынша әйелдер мен жастар үшін квота енгізу, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту, әлеуметтік көмек көрсетуді жетілдіру сияқты мәселелерді ерекше бақылауға алды.
Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, отбасының функционалдық беріктігі деңгейіне гендерлік қатынастар моделі елеулі әсер етеді. Гендерлік теңдік деңгейі жоғары болған сайын, отбасы мүшелерінің өздерінің тұрмыстық, экономикалық, адамгершілік-тәрбиелік, қорғаушылық және басқа да маңызды функцияларын орындауда жауапкершілігі, тепе-теңдігі мен нәтижелігі жоғары болады.
Осы тұста «Отбасы институтын және отбасы құндылықтарын нығайту» мәселесіне тоқталсақ.
Қоғамда отбасы институтының маңыздылығына қарамастан, ажырасулар және некесіз бала туу азаймаған. Отандарымыз тұрмыс құрып, үйленуге асықпайды. Былтыр елімізде бар болғаны 120 мың азамат некесін заңдастырған.
Ranking.kz сайтының мәліметінше, ең көп некеге отырғандар Алматы қаласында тіркелген (3,1 мың адам), алайда ажырасу бойынша көш бастап тұрған да осы оңтүстік астанамыз. Былтыр 2,3 мың жұп ажырасқан. Бір жыл бұрынғы есепке қарағанда 2,1% - ға аз. отау құрған. Одан кейін Түркістан облысында – 11,8 мың неке, Астанада – 10,4 мың неке тіркелген. Ең аз 1,5 мың неке Ұлытау облысында тіркелді.
Ең аз ажырасу Ұлытау облысында тіркелді. Мұнда 198 жұп екі жаққа кетуді ұйғарған.
Сарапшылар елдегі ажырасудың негізгі себептері туыстарының араласуы (61%), моральдық шектеулердің болмауы (41%), оңай ажырасу процесі (25%) екенін атап өтті. Сондай-ақ, мәселелер қатарында гендерлік рөл мен басымдықтар да бар. Әйелдер мен балаларға жасалатын зорлық-зомбылықты да жоққа шығармаған дұрыс.
Ажырасу көрсеткіші жоғары болғанымен, неке институтына деген қазақстандықтардың көзқарасы оң. Жастардың 82,5%-ы отбасын құрып, балалы болуға талпынатын көрінеді.
Қазақстан жан басына шаққандағы ажырасу санынан әлем бойынша 2-ші орында тұр және бұл елдің демографиялық қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіруі мүмкін. Жұбайлар көбінесе бес жылдық отбасылық өмірден кейін ажырасады екен.
«Италияда жүрмін қазір, бұл мемлекетте жастар 40 жасқа дейін жүре береді екен асықпай, бірінші өз өмірінің қамын ойлайды, сосын отбасын құрса құрды, бір бала туса туды, болмаса солай жалғыз қалып қояды. Себебі ажырасу өте қымбат. Мемлекетке қыруар ақша төлейді екен ажырасу үшін. Қазақстанда жағдай басқа. Жастарымыз үйленуге асығып-ақ жүр. Үйленіп-ақ жатыр. Бірақ ажырасудың статистикасына көз жұмып қарай алмаймыз. Ажырасу бар. Оның үш басты себебін айта аламын.
Біріншіден, жастарда отбасылық құндылықтардың жоқтығы. Яғни, ер адамның рөлі, әйелдің рөлі, жалпы отбасын құрған соң не істеу керектігін жастар білмейді. Білімдері жоқ. 2019 жылы өткізген сауалнамамның нәтижесі осындай, бүгін жағдай өзгерген жоқ.
Екіншіден, той жасау менталитеті. Несие алып, үлкен той жасап береді. Бұл жастардың эгосын жұбату. Мен алғашқы рет тұрмыс құрып жатырмын, үйленіп жатырмын деген сылтаумен қарызға белшеден бату. Материалдық проблемалар жанжалға, ұрыс-керіске, соңында ажырасуға әкеліп жатыр.
Үшіншіден, физиологиялық мәселе. Ұл бала да, қыз бала да отбасын құрмай тұрып толық медициналық тексерістен өту керек. Ұят деген ұғымнан арылатын уақытқа жеттік. Ертең бала көтере алмай, екі жақ бірін-бірі кінәламас үшін, ажырасып кетпес үшін денсаулықтарын тексеріп алған дұрыс. Тіпті анықтаманы алмай, некені қимайтын заң шығару керек деп есептеймін», - деп жауап берді біздің сауалымызға психология ғылымдарының докторы Сақтағанов Балабек.
Әйтсе де, Қазақстанда отбасылық құндылықтарды насихаттау жұмыстары ақсап келеді. Ең алдымен идеология жүргізіліп, содан кейін заң қабылдануы керек. Еліміз Еуропаның заңдарына еліктеуге тырысады. Бірақ оған біздің қоғам дайын емес. Дамыған өркениетті елдерде терең білімді әлеуметтанушылар жұмыс істейді. Осындай зорлық-зомбылық, жанжал болып жатқан отбасылардың себеп-салдарын анықтаумен, шешімін табумен айналысады. Тек заңды күшейткеннен біз ұтпаймыз, ұтыламыз.
«Гендерлік саясат, отбасылық саясат деген әрине, керек. Алайда ажырасудың салдарымен тек саясатты жүргізу арқылы күресе алмаймыз. Сондықтан, білікті әлеуметтанушыларды даярлау керек. Отбасын құрған, 50 жыл бір шаңырақ астында өмір сүріп келе жатқан ата-әжелерімізден үлгі алу керек. Маған келетін ажырасқан жұптар көбінесе иллюзиямен өмір сүреді. Яғни, ажырасқан соң өмірім өзгереді, балаларымды жалғыз аяққа тұрғыза аламын деген ойлар жетелейді. Шындығында, екінші рет үйленсе де, үшінші рет тұрмыс құрса да, нәтижесі өзгермей қала береді. Бұл қайталана береді. Сондықтан саясат пен заңнан бұрын баланы бесіктен тәрбиелеу керек. «Отбасы» ұғымын дұрыс дәріптеп, құндылықтарды бойға сіңіру керек», - деді психология ғылымдарының докторы Сақтағанов Балабек.
Тәрбие отбасынан басталады демекші, идеологиялық терең жұмыстар отбасынан басталып, мектеп және университет қабырғаларында жалғасын табуына әкелетін іс-шараларды жүргізуге тырысайық.