"3-4 салмақ дәрежесінде чемпион боламыз": Жәнібек Әлімханұлы суперорта салмаққа ауысатынын мәлімдеді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Боксшы бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.

"Орта салмақты біраз шулатып, екі бірдей Әлем чемпионы титулын иелендік! Qazaq style-ды осы салмақта әлемдік аренаға алып шықтық. Орта салмақ боксшыларының түнгі қорқынышы атандық. Талай қызықтар мен қиындықтарды, қуаныштар мен сәтсіздіктерді де осы салмақта бастан өткердік! Осы салмақта әнұран шырқатып, көк ту желбіреттік! Жанкүйерлерге естен кетпес өнер көрсетіп, жарқын нокауттар сыйладық!", – деді Жәнібек.

Оның айтуынша, бұл шешім АҚШ-тағы командасымен, промоутері және менеджерімен ақылдаса отырып қабылданған.

"Енді осы ісімізді суперорта салмақта жалғастырамыз! Осы салмақта біраз атақты боксшылар бар. Менің салмағымда болғандар қазір осы суперорта салмақта өнер көрсетіп, чемпион атануда. Соларды біраз қинайық. Бұл шешімді америкадағы командамызбен, промоутер және менеджермен ақылдаса отырып, мақсат қоя қабылдадық! Бұрыннан айтып жүретініміздей, біз 3-4 салмақтың чемпионы боламыз, бұйыртса!", – деп жазды Әлімханұлы.

Осылайша, қазақстандық боксшы енді мансабын суперорта салмақ дәрежесінде жалғастырып, жаңа белестерді бағындыруды көздеп отыр.