Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі Ризабек Айтмұхан биылғы маусымның басты додасына дайындығын бастап кеткен. Ол Olympic.kz-ке берген сұхбатында әлем чемпионатындағы бәсекелестік жайлы өз ойын айтты.
Ризабек Айтмұхан биылғы әлем біріншілігінде олимпиадалық 97 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғайтын болады.
"Қазір бәрі ойдағыдай. Емдік шараларды өткізіп, жарақаттарымнан толықтай айығып шықтым. Өзімді тамаша сезінемін, қазір дайындық жұмыстарын жоспарға сай жүргізіп жатырмын. Бапкерлік құраммен бірге әрбір ұсақ-түйекке мән беріп, қарқынды жаттығу үстіндемін.
Әлем чемпионатында бәсекелестік өте жоғары деңгейде болмақ. Мысалы, менің салмағымда оннан аса мықты балуандар бар. Соның ішінде алтауы Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Сондықтан жеңіске жету өте қиын болғалы тұр", - дейді балуан.
Айта кету керек, биылғы маусым Ризабек үшін оңай болған жоқ. Бұған дейінгі ең басты додаларының бірі - Амманда өткен Азия чемпионатында отандасымыз ақтық сынға дейін жетіп, жапониялық Араш Ёшидаға жол берді.