”Алматыда кәсіби спортшылар дайындалатын зал жоқ”: Еркебұлан Тоқтар АҚШ-қа кететінін мәлімдеді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Спортшы Instagram желісіндегі парақшасының stories бөлімінде әуе билетін алып жатқан сәтін жариялады. Ол 15 қаңтар мен 15 наурыз аралығында Майами қаласында оқу жаттығу жиынын өткізетінін мәлімдеді.

”Достар, мен билет алып жатырмын. Майамиге дайындыққа 15 қаңтар кетіп, 15 наурыз қайтып келемін. “Неге Америка, бізде дайындала берсең болмай ма” деген патриоттық сезім оянып кеткен сұрақтар келіп жатыр. Бізде де болады, мықты жаттықтырушылар көп. Бірақ жаттығу деген тек жаттықтырушы емес. Мәселе кіммен спарринг өткізетініңде. Мен барайын деп отырған залда түгелге жуық UFC-де өнер көрсетіп жүрген кәсіби файтерлер жаттығады. Олар кем дегенде бір лиганың чемпиондары. Солармен бір залда дайындалу мен үшін үлкен тәжірибе. Мен олармен тез өсемін, Алматыда олай кәсіби төбелесетін спортшылар дайындалатын зал жоқ. Өзінің денсаулығы үшін келетіндер болады. Олар сенімен спарринг жасағысы келеді. Көпшілігі келіп қисық төбелесіп, жарақат алуыңа себеп болады. Оны видеоға түсіріп алып, салып жібереді. Сосын Алматыда күніне 3-4 кездесу болады, режимің бұзылады, суретке түсетіндер ойыңды бөледі. Ал Америкада нақты тәртіппен жүресің”, – деді Еркебұлан Тоқтар.

Еске сала кетейік, өткен жылдың 27 желтоқсанында Еркебұлан Тоқтар Ташкентте өткен бокс кешінде Өзбекстан өкілі Тимур Никулинмен кездесті. Отандасымыз алғашқы раундта қарсыласын нокаутқа жіберіп, айқын басымдықпен жеңіске қол жеткізді.