Астана 2030 жылы жеңіл атлетикадан жабық ғимараттағы әлем чемпионатын қабылдайды

Мұндай шешім World Athletics ұйымы Кеңесінің 240-шы отырысында қабылданды. Аймақ үшін тарихи маңызы зор бұл дода 2030 жылдың 15–17 наурызына жоспарланған.

Торунь қаласында өткен екі күндік отырыс аясында World Athletics президенті, лорд Себастьян Коу Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті Асхат Хасеновпен және Федерацияның бірінші вице-президенті Алпамыс Бақытұлымен жеке кездесу өткізді.

Әлем чемпионаттарын қабылдайтын жаңа қалаларды (Астана және Үндістанның Одиша қаласы) таңдау туралы пікір білдірген Себастьян Коу бұл шешім спортты жаңа нарыққа шығару жөніндегі жаһандық стратегияның бір бөлігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай өңірлерде турнирлер өткізу World Athletics ұйымының жеңіл атлетиканың географиясын кеңейтуге және әлеуеті жоғары елдердегі орнын нығайтуға деген ұмтылысын көрсетеді

2030 жылғы әлем чемпионатын өткізу құқығы Қазақстанның спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі болды. World Athletics Кеңесі Астананың ірі жарыстарды ұйымдастырудағы табысты тәжірибесін ерекше атап өтті:

• 2023 жылы жабық ғимараттағы жеңіл атлетикадан Азия чемпионатын өткізуі;

• 2024 және 2025 жылдары World Athletics Indoor Tour Gold кезеңдерін ұйымдастыруы.

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы үшін әлем чемпионатын өткізу тек ұйымдастырушылық міндет қана емес, сонымен қатар сапалы өзгерістерге жол ашатын мүмкіндік болмақ. Федерация бұл мүмкіндікті елдегі жеңіл атлетика жүйесін кезең-кезеңімен реформалау үшін тиімді пайдалануды көздейді:

• Әлемдік деңгейдегі спортшылардың жаттығуы мен жарысқа қатысуы үшін заманауи жағдайлар жасау;

• 2030 жылға қарай ұлттық құраманың негізін құрайтын жас таланттарды даярлаудың сапалы жүйесін қалыптастыру;

• Барша спорт қауымдастығы үшін бұл біріншілік«маңызды әрі есте қаларлық оқиғаға» айналуы үшін басқарудың және спортты насихаттаудың тиімді тетіктерін енгізу.

«Бұл маңызды белес – жеңіл атлетиканы дамыту жолындағы еңбегіміздің мойындалуы. Біз жарысты ең жоғары деңгейде өткізуге ниеттіміз және чемпионат елімізде де, әлемде де спорттың дамуына қуатты серпін беретініне сенімдіміз», — деді Федерация президенті Асхат Хасенов.