Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ағымдағы айда IBA ұйымдастырған Дубайдағы әлем біріншілігінде топ жарған Сәкен Бибосынов “Бірінші бол” YouTube арнасына берген сұхбатында спорттағы ұстанымдары туралы айтты.
”Өз басым жеңімпаз атанып келген кезімде, спорттық аштығым тоқтамайды. Мысалы, мен бүгін чемпион болдым, әнұран шырқалды. Бірақ, ертеңнен бастап мен әлем чемпионы емеспін. “Менде басқа мақсат, жоспар бар” деп өз өзіме уәде беремін. Елге келгеннен кейін ат, көлік мінгізіп, сый-құрмет көрсетіп жатса, қуанып аламын. Бірақ спорттық аштығым одан тоймайды. Ең бастысы, спортшы көлік алса да спорттық аштығы басылмаса, ол ары қарай нәтиже көрсете береді. Аллаға шүкір, 2021 жылдары өте табысты жылдар болды. Одан кейін жеңіліс те, жеңіс те болды. Шыдап, соңында Алланың қалауымен екі дүркін әлем чемпионы атанып келдім. Спортта үнемі жоғарыда, формада жүре алмайсың. Кейде бағым жанбай қалған, бабыма кіре алмай қалған кездер болды. Оны мойындаймын. Ұтатын қарсыластардан ұтылып қалған кездер болды. Егер сын дұрыс айтылса, қабылдаймын”, - дейді ол.
Сондай-ақ, ол сынған қолымен Қазақстан чемпионы болғанын да айтты.
”Қазақстан біріншілігінде бірінші жекпе-жекте семейлік жас боксшымен өткіздім. Сол кездесуде екінші раундта саусағымды сындырып алдым. Үшінші раундта алдыңғы қолмен ұрған жоқпын. Сол жерде жаттықтырушылар біраз саусағымды тартты, бірақ орнына түспеді. Түнде Семейде сынықшы іздеп, тауып бардық. Ол “ауруханаға барыңдар” дейді. Аурухана барып, рентген түсірдік, олар “қолың сынған, жекпе-жекке шықпайсың” деді. Мен “басқа жол жоқ, қазір қолым сынды деп Қазақстан чемпионатын аяқтасам, ар жағында кәсіпқой боксқа да шықпаймын. Не анда жоқ, не мында жоқ, ешкімге керек болмай қаламын” дедім. Ұлттық құраманың Куканов Талғат деген дәрігерге “қарсыластарым білмей-ақ қойсын, бапкерім біледі, мен жекпе-жектерге шығамын” дедім. Төрт кездесуге сынық қолмен шығып, Қазақстан чемпионы болдым. Рингке шыққаннан кейін сенің мақсатың - ұту. Ауырып жатқанына қарамай, жұдырықтасасың. Содан кейін Бішкекте кәсіпқой бокстағы екінші жекпе-жегімді өткізіп, жеңіске жеттім. Шымкентте қайтып, үйге келіп, қолымды кт-ға түсірсем, дәрігерлер ота жасау керек деді. “1 айдан кейін әлем чемпионаты болады, гипстеп қойыңыздар” дедім. Қолымды гипстеп берді. Бірақ мен басқа жаттығуларымда жасай бердім. Ташкентке оқу-жаттығу жиынына кететін кезде әлі уақытв болмаса да гипсті шештірдім. Аллаға шүкір, қолым жазылып кетті. Әлем чемпионатында 5 кездесу өткізіп, екі дүркін әлем чемпионы атандым. Бәрі бір-біріне жақын болып қалды. Сынған саусаққа қарамай жұдырықтасып келдім”, - дейді ол.