Құрлықтық дода 30 наурызда басталғанымен, алғашқы екі күннің қорытындысы көңіл көншітпеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Турнирдің алғашқы күні-ақ жарысты көру ақылы форматта ұсынылып, жанкүйерлер үшін тосын жағдай орын алды. Кейін белгілі болғандай, 31 наурыздан бастап жекпе-жектер Qazsport телеарнасынан тегін көрсетіле бастады. Дегенмен, World Boxing ережесіне сәйкес, тікелей эфир тек телеарна арқылы ғана қолжетімді болмақ.
Әйелдер құрамасының сәтсіздігі
Спорттық нәтижеге келсек, алғашқы күні Қазақстан әйелдер құрамасы екі бірдей боксшысынан айырылды. 51 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Жазира Орақбаева жарақат алып, жарысты ерте аяқтаса, 54 келідегі Элина Базарова үндістандық қарсыласына төрешілер шешімімен жол берді.
Бүгін, яғни екінші жарыс күнінде де Қазақстан құрамасына сәттілік серік болмады. 60 келі салмақтағы Римма Волосенко 1/8 финалда Үндістан өкілі, жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Приядан бірауызды шешіммен жеңіліп, жарысты аяқтады.
Қазақстан әйелдер құрамасы Азия чемпионатында толық құраммен өнер көрсетуде. Алдағы уақытта бас бапкер Елдос Сайдалин жетекшілігімен рингке бірқатар тәжірибелі боксшылар шығады. Олардың қатарында Әйгерім Сәттібаева (48 келі), Ұлжан Сәрсенбек (57 келі), Лаура Есенкелді (65 келі), Бақыт Сейдіш (70 келі), Валентина Хальзова (75 келі), Надежда Рябец (80 келі) және Дина Исламбекова (+80 келі) бар.
Ерлер құрамасы
Алдағы жекпе-жектерде бокс жанкүйерлері ерлер құрамасына да зор үміт артып отыр. 1 сәуір күні рингке IBA нұсқасы бойынша 2025 жылғы әлем чемпионы Оразбек Асылқұлов шығады. Оның қарсыласы — филиппиндік Пол Джулифер Баскон.
Ерлер құрамасы да құрлықтық бәсекеде жоғары нәтиже көрсетуге ниетті. Алдағы жарыс күндерінде Санжар Тәшкенбай (50 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Оразбек Асылқұлов (60 келі), Ертуған Зейнулинов (65 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Ерасыл Жақпеков (80 келі), Нұрбек Оралбай (85 келі) және Сағындық Тоғамбай (90 келі) сынға түседі.
Айта кетейік, Азия чемпионаты 30 наурыз бен 10 сәуір аралығында өтеді. Байрақты бәсекеге 21 елден 200-ге жуық спортшы қатысуда. Жалпы саны 20 жүлде жиынтығы сарапқа салынады (ерлер мен әйелдер арасында тең бөлінген). Қазақстан құрамасы барлық салмақ дәрежесінде 20 боксшыны жарысқа қосты.
Осылайша, жарыстың алғашқы кезеңдері Қазақстан үшін ауыр басталғанымен, алда әлі шешуші жекпе-жектер бар. Құрама сапындағы көшбасшылар ел сенімін ақтай ала ма оны алдағы күндер көрсетеді.