"Берілмегенім – өмірімдегі ең дұрыс шешімдердің бірі болған": Сәкен Бибосынов жан сырын ақтарды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол Instagram желісіндегі парақшасында мотивациялық жазба жариялап, өмірдегі әрбір сынақтың өз сабағы болатынын айтты.

“Өмір ешкімге оңай жол ұсынбайды.

Ринг те, өмір де маған бір нәрсені үйретті: сыннан қашқан адам өспейді. Әр қиындық – мінезді шыңдайды, ал әр құлау – қайта тұруды үйретеді. Кейде нәтиже бірден көрінбейді. Бірақ ешбір адал еңбек зая кетпейді. Бүгін үнсіз төгілген тер – ертең бәрі көретін жеңістің негізі.

Адамды уақыт емес, оның күн сайынғы таңдауы, тәртібі және табандылығы өзгертеді. Сондықтан өзіңе сен. Жолың ауыр болса да, тоқтама. Еңбегіңе адал бол. Аллаға тәуекел ет.

Бір күні дәл осы қиын күндерге күлімсіреп қарап: “Берілмегенім – өмірімдегі ең дұрыс шешімдердің бірі болған екен” дейсің”– деп жазды боксшы.

Сәкен Бибосынов - аса жеңіл салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы. 2020 жылға Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. 2021 жылы Белградта және 2025 жылы Дубайда өткен әлем чемпионатында алтын жүлдеге ие болды.

Еске салайық, Сәкен Бибосынов кәсіби бокста әзірге екі кездесу өткізді. Ол 2025 жылдың шілде айында филиппиндік Кристиан Леганені алғашқы раундта мерзімінен бұрын жеңсе, сол жылдың қазанында қырғызстандық Әділет Қачқынбековтен төрешілердің бірауыздан шығарған шешімі бойынша басым түсті.