"Бір медаль алуымыз мүмкін": Депутат спорт министрлігінен қысқы олимпиадаға бөлінген 13 млрд теңгенің есебін талап етті

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Депутат 6 ақпанда басталатын олимпиадаға 23 қазақстандық спортшы лицензия иеленсе де, министрліктің мәлімдемесіне сай, «бір ғана медаль алуымыз мүмкін» екенін айтты.

"13 млдр теңгенің есебі қайда?!

Қысқы Олимпиаданың басталуына санаулы уақыт қалды. Биыл Италияның Милан мен Кортина қаласында өтетін ақ Олимпиадаға Қазақстан спортшылары 23 лицензия иеленді. Бүгінде ұлттық құрама өкілдері қызу дайындық үстінде. Алайда Туризм және спорт министрлігі қысқы Олимпиададан тек «бір медаль алуымыз мүмкін» деп мәлімдеді. Бұл қысқы спортты дамытудағы нақты стратегияның жоқтығын аңғартады", - деп жазды ол Instagram желісіндегі парақшасында.

Депутат, қысқы спорт түрлеріне бюджеттен бөлініп жатқан қаржының есебін сұрап, бірқатар мәселелерді көтерді.

"Осыған байланысты, қысқы спорт саласындағы қордаланған бірқатар мәселені айтқым келеді:

Италияда өтетін Олимпиададан нақты қандай нәтиже күтеміз? Спортшылардың дайындығы тиісті деңгейде ме?

Спорт және денешынықтыру істері комитетінің ресми сайтында мемлекеттік тілде мардымды ақпарат жоқ. Бюджеттің орындалуы туралы ақпараттар 2022 жылдан бері жаңартылмаған. Сонда қазына қаржысының қалай игерілгенін қайдан білеміз? Дайындыққа деп бөлінген 13,3 млрд теңгенің есебі неге жарияланбайды?

Алматы облысындағы «Қысқы спорт түрлерінен республикалық Алатау жоғары спорт шеберлігі мектебі» үш жылдан бері жабық тұр. 2022 – 2023 жылдары бұл мектептің күрделі жөндеуіне деп бюджеттен 3 млрд теңгеден астам ақша бөлінген. Бірақ мектеп әлі жұмыс істемейді. Есесіне сол толыққанды іске қосылмаған кәсіпорынға жыл сайын 1 млрд.теңгеден астам қаржы беріліп отыр? Не үшін?

Риддер қаласында қысқы спорт түрлерінен дарынды балаларды дайындайтын жалғыз олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі бар. Ол жердегі құрылыс жұмыстары да ақсап тұр. 250 бала білім алатын бұл мекемеге жыл сайын 2 млрд теңге қаржы бөлінеді. Бірақ сол мектепті бітіріп жатқан резерв қайда? Неге солардан медаль күтпейміз?

Төрткүл дүние көз тіккен төртжылдықтың додасы таяған тұста ту ұстап шығатын адам таппай отырғанымыз тағы бар. Көк байрағымызды көтеріп шығатын бір қазақ жоқ па деп жанкүйерлер де Спорт министрлігіне қарата сын айтып жатыр. Бірақ жауапты ведомства әлі үнсіз.

Нақты нәтиже көрсету үшін төрт жыл жеткілікті. Алайда біз әлі күнге дейін әлсіз және мықты тұстарымызды айқындап, жүйелі жұмыс жүргізе алмай келеміз. Жауапты министрлік бір медальді қанағат қылып отыр. Сонда бір жүлденің құны 13 млрд теңгеге бағаланғаны ма?

Мемлекет оқу-жаттығу жиындарын, құрал-жабдықты, спортшылардың киімі мен тамағын толық қамтамасыз етіп отырғандықтан, ұлттық құрама мүшелерінен ел азаматтарының жоғары нәтиже күту – орынды әрі заңды талап", - деп жазды ол.

Еске сала кетйеік, 6-22 ақпан аралығында Милан-Кортинада (Италия) қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Алдағы Олимпиаданың басты ерекшелігі - көпорталықты өткізу моделі. Ойындар бірден үш аймақты қамтиды: Миланда орналасқан Ломбардияны, Венето және Трентино өңірін, оның ішінде Кортина-д’Ампеццо, Вальтеллина және Валь-ди-Фьемме. Әлемдік додада барлығы 116 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Олимпиадада ел намысын 35 спортшы қорғайды деп күтілуде.