Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Бүгін, 22 сәуір күні Бразияладағы бокс бәсекесі аясында тартысты жекпе-жектер өтеді. Шаршы алаңға Қазақстан құрамасының алты боксшысы шығады.
Күндізгі сессия
Күндізгі сессия 19:00-де басталады. 54 келі салмақта Назым Қызайбай Польша өкілі Виктория Рогалинскамен кездеседі. 48 келіден ауысқан ұлттық құрама капитаны алғашқы айналымда түркиялық қарсыласы Айшен Ташкынды 4:1 есебімен жеңді.
Ал, 70 келіде Фарух Тоқтасынов жапониялық Севон Оказаваға қарсы шығады. Бұл жекпе-жектің жеңімпазы ширек финалға жолдама алады. Отандасымыз алғашқы айналымда ирландиялық боксшы Джон Макконелден 3:2 есебімен басым түскен еді.
Кешкі сессия
Кешкі сессия 01:00-де өтеді. 60 келіде Виктория Графеева Әзербайжан спортшысы Емили Рзаевамен жұдырықтасса, 70 келіде өнер көрсететін қазақстандық Наталья Богданова Түркия өкілі Бусеназ Сюрменелимен кездеседі. Ал 50 келіде Даниал Сабит Мажарстан боксшысы Иштван Шакамен айқасса, 80 келіде Диас Молжігітов Австралия спортшысы Марлон Севехонмен қолғап түйістіреді.
Айта кетейік, әйелдер арасындағы 70 келі салмақтағы жекпе-жек ерекше назарда. Бұл кездесуде қазіргі әлем чемпионы Наталья Богданова үш дүркін әлем чемпионы, Олимпиада жеңімпазы Бусеназ Сюрменелимен күш сынасады. Бұған дейін Бусеназ 66 келіде өнер көрсетіп, Аида Әбікеевамен екі рет кездескен болатын. Бұл жолы ол жаңа салмақта бақ сынамақ.
Ал Қазақстан құрамасының екі өкілі жарысты ерте аяқтады.
60 келіге дейінгі салмақта Жансері Көшербаев ирландиялық Джуд Галлахерге есе жіберсе, 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Дәулет Төлемісов бразилиялық Исаиас Фильоға жол берді.