Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Қазақстан бокс федерациясы Қытайдың Гуянг қаласында өтетін World Boxing ұйымының аясындағы әлем кубогының екінші кезеңіне қатысатын ұлттық құраманың тізімін жариялады.
Федерацияның ресми ақпаратына сәйкес, ерлер құрамасы сапында тоғыз боксшы ел намысын қорғайды. Олардың қатарында әлем чемпиондары мен ұлттық құраманың көшбасшылары бар. Атап айтқанда, 50 келіде Санжар Ташкенбай, 55 келіде Тимур Қабдешов, 60 келіде Серік Теміржанов, 65 келіде Санатәлі Төлтаев, 70 келіде Абылайхан Жүсіпов, 75 келіде Тимур Нұрсейітов, 80 келіде Сабыржан Аққалықов, 90 келіде Нұрбек Оралбай және +90 келіде Айбек Оралбай өнер көрсетеді.
Ал әйелдер құрамасына Алуа Балқыбекова (51 кг), Назым Қызайбай (54 кг), Виктория Графеева (60 кг), Аида Әбікеева (65 кг), Лаура Есенгелді (70 кг), Наталья Богданова (75 кг), Валерия Аксенова (80 кг) және Дина Исламбекова (+80 кг) енді.
Айта кетейік, бокстан Әлем кубогының екінші кезеңі 15-21 маусым аралығында өтеді. Дүбірлі додаға әлемнің 44 елінен 333 боксшы қатысады. Турнирде ерлер мен әйелдер арасындағы 20 салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынады