Бокстан Қазақстан әйелдер командасының бас бапкері ауысты

Маңызды қызметке Елдос Сайдалин тағайындалды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Ұлттық олимпиадалық комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елдос Сайдалин бұл қызметте Шәміл Сафиуллинді алмастырып отыр. Сафиуллин 2021 жылдан бүгінге дейін бас құраманы жаттықтырып келді. 

Айта кетелік, Елдос Сайдалиннің бапкерлік өтілі 16 жылдан асады. Ол еңбек жолын Қарағандыдағы  спорт мектебінде жаттықтырушылықтан бастаған. 

2020 жылдан бері Қазақстан жасөспірім қыздар және жастар құрамасын жаттықтырып келді. Оның жетекшілігімен Қазақстан комнадасы 2021 жылғы әлем чемпионатында 2 күміс, 3 қола жеңіп алды. 

2022 жылғы әлемдік додада 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. 

Ал былтыр Астанада өткен Азия біріншілігінде Сайдалиннің шәкірттері 8 алтынмен көзге түскен. 2023 жылы Арменияда өткен біріншілігін Қазақстан жасөспірім қыздар құрамасы 3 алтын, 5 қоламен  аяқтады. 

Айта кетелік, Қазақстан әйелдер командасының еншісінде Олимпиаданың жалғыз жолдамасы бар. 57 келідегі Карина Ибрагимова Азия ойындарында күміс медальмен қатар, Париж лицензиясын иеленді. 

Италияда өткен әлемдік лицензиялық турнирде Қазақстан әйелдер құрамасы жолдамасыз қалды. 

Енді Қазақстан әйелдер құрамасын Таиландтағы соңғы лицензиялық жарысқа Елдос Сайдалин бастап апарады.