"Бұл - таза қызғаныш. Өте төмен әрекет": Журналист көкпардан әлем чемпионатына қатыспаған Қырғызстан құрамасы туралы

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Аслан Қаженов Instagram желісіндегі парақшасында жариялаған жазбада Қырғызстандық құраманың әрекетін "қызғаныш" деп бағалады.

"Түркістан қаласында ұлттық спортымыздан дүниежүзілік дода басталды. Байрақты бәсеке араға ұзақ уақыт салып, қайтадан жанданып жатыр. Сәйкесінше, біз үшін спортық мереке, яки, спорттық той. Әлемдік аламанға Ауғанстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Қытай, Венгрия, Түркия және Ресейден командалар келді. Өкініштісі, көрші қырғыз елі біле тұра келмей қалды. Барлығына бір мезетте, яғни, жарысқа бір жарым ай қалғанда шақырту жіберілген. Анау деді, мынау деді, қысқасы бармаудың барлық бамалын жасады. Енді, басқа құрамаларға да қатыспаңдар деп жатыр екен. Бұл - таза қызғаныш. Өте төмен әрекет. Жігітікке жатпайтын тірлік. Негізі бұның барлығы ұлттық дәстүрді жаңғыртып, ұлттық спортты насихаттау үшін керек. Бізге де керек. Оларға да керек. Оны шілиии саясиландырып, екі елдің арасындағы бәсеке ретінде қараудың қажеті жоқ. Иә, бұған дейін қисынсыз жағдайлар болды. Екі жақта да болды. Оны қазбалап, түбіне жетпейсің.

Қысқасы, былай ғой. Көрші үйде той болып жатыр. Оған сен келсең де, келмесең де өтеді. Басқаларға барма десең де өтеді. Өйткені, бізбен бірге қуанып, бізді барынша қолдап жатқан алыс-жақын шетелдерде бауырлар бар. Ұлттық спортымыз барынша дәріптеледі. Елдің рухы көтеріледі. Негізгі мақсат осы. Әлем чемпионаты құтты болсын, қазақ елі!", - деп жазды ол.

Айта кетейік, 15-21 наурыз аралығында еліміздің рухани астанасы Түркістан қаласында көкпардан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Көкпар федерациясының мәлімдеуінше әлемдік додаға 9 ұлттық құрама өтінім берген. Олар: Ауғанстан, Қытай Халық Республикасы, Қазақстан, Мажарстан, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Түркия.

Бұған дейін аталмыш жарысқа Қырғызстан құрамасының қатыспайтын Қазақстан көкпар федрациясының атқарушы директоры Ғани Дүйшенов мәлімдегенін еді.

Еске сала кетейік, 2024 жылы Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпардан Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары арасындағы финалдық ойын жанжалмен аяқталған еді. Қазақстан құрамасын марапаттау басталған сәтте қырғыз спортшылары күміс медальді шешіп, кетіп қалған болатын.