Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Журналист Аслан Қаженов үш бірдей чемпиондық атақты сарапқа салатын Жәнібек Әлімханұлына қолдау әлсіз болып жатқанын айтты. Ол кәсіпқой бокстағы бұл жетістікті Геннадий Головкиннан кейін әзірге Жәнібек Әлімханұлы ғана бағындырғанын да тілге тиек етті.
"Қолдау неге әлсіз?!
Бірер күннен кейін қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы кубалық Эрисланди Ларамен кездесіп, үш бірдей чемпиондық атақты сарапқа салады. Отандық бокс үшін өте маңызды оқиға. Бұған дейін тек Геннадий Головкин ғана осы биікті бағындырды. Енді Жәнібектің кезі келді және жақын болашақта бұндай жетістікті қайталайтын басқа боксшымыз да жоқ. Бірақ, неге екенін қайдам, Жәнібекке қолдау өте әлсіз. Генаның жекпе-жегі кезінде ерекше еді. Еліміз бойынша акциялар мен флешмобтар ұйымдастырылып, ірі компаниялар қаржы құйып, небір баннерлер дайындалып, небір жарнамалар жасалып, жекпе-жектің өзін үлкен экрандардан көрсетіп деген сияқты, қыз-қыз қайнап жататын.
Себебін ары ойлап, бері ойлап, түсінбедім. Бұл жерде ешкімді кіналай алмайсың. Кәсіпқой бокс – бизнес. Бір жағынан Жәнібектің командасының белсенділігі төмен. Екінші жағынан, аса құлшына кірісіп, қаржысын аямай құйып, қарымтасы ретінде кәсіпқой боксшымыздың атын пайдаланғысы келетіндер шамалы сияқты. Иә, ақпарат құралдары барынша беріп жатыр. Бірақ, оның өзі жеткіліксіз.
Қысқасы, әрқайсымыз қолдан келгенше қолдау танытайық. Әр постының астына жақсы пікір қалдырайық. Жәнібектің видеоларын барынша бөлісейік, көбірек таратайық. Лараның да парақшасын көк туымызбен және жерлесіміздің есімімен толтырайық. Жәнібектің артында қазақ елі барын көрсетейік! Жәнібекті қолдайтын қазақ халқы барын көрсетейік! Осындай кездерде ауызбіршілігіміз аса маңызды! Жәнібекке жеңіс тілейміз! Негізгі мақсаты – төрт белдікті біріктіру! Сондықтан, барлығын ойдағыдай өткізіп, отандық бокс тарихының жаңа парақшасын ашады деп сенеміз! Сәттілік!", - деп жазды ол Instagram желісіндегі парақшасында.
Желі қолданушылары мен бокс жанкүйерлері де спортшыға сәттілік тілеуде.
"Қасындағы жігіттерге көп нәрсе байланысты ғой. Келесі жекпе-жегінде де осындай елеусіз қалса қиын болады командасына. Қит етсе “қазақылық” деп, бла-бла деумен ақтап ала береді. Базар баба! Мынандай сылбырлықпен алысқа бармайды, әйтеуір. Жәнібекке обал…", "Осы Лараны жеңсе шулайын деп тұр. Мықты қарсылас осы болып тұр ғой", "Сәттілік, қолдаймыз, сенеміз", - деп жазды олар.