Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Спортшы журналист Ақарыс Сейітқазыға берген сұхбатында 2013 жылы өткен әлем чемпионатына барарда қандай қиындықтан өткенін еске алды.
”Бразилиядағы әлем чемпионатына барғаным Ермек ағайдың еңбегі. Әлем чемпионатына Сергей Лимді қойып, Азия чемпионатына мені апарады. Азия чемпионатында Ермек ағай “осы жерде медаль алсаң, сені екінші нөмір қылып әлем чемпионатына қоямын” деді. Сөйтіп, мен Фукуоко Масаакиға финалға шығатын жекпе-жекте ұтылып қалдым. Барымды салып күрессем де шидо (ескерту) алып ұтылып, үшінші орын алдым. Ермек ағай қуанып, “сені әлем чемпионатына апарамын” деді. Дайындық жақсы болды. Әлем чемпионатына баратын болдым. Мені қоятын кезде де “керек емес, Сергей барсын” деген әңгімелер болды. Ол онсыз да барып тұр ғой, мені екінші нөмір қылып апарды. Барған кезде де жақсы дайындықпен бардым. Демалыс күні жаттығу жасадым, демалмадым, еңбек еттім. Ағайым “сен барасың” деп менің сөзімді сөйлеп, қолдап тұрған кезде жеңілуге қақым болмады. Жауапкершілік болды. Алланың қалауымен әлем чемпионатының финалына шықтым”, - дейді спортшы.
Сондай-ақ, Азамат Мұқанов әлем чемпионатына дайындық барысында дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасының өкілімен спарринг жасауға мәжбүр болғанын да жасырмады.
”Ертесіне залға барсам, бәрі Сергей Лимнің асты-үстіне түсіп, қасында жүр. Маған спарринг жасайтын адам жоқ. 78+ салмақта күресетін Гүлжан Исановамен дайындалдым. Бірінші жекпе-жекте тәжірибелі дзюдошы Гадановпен шықтым. Оны жеңгеннен кейін қасымда адамдар пайда бола бастады. Сергей бірінші жекпе-жекте өзбекке ұтылды. Екінші кездесуді де жақсы аяқтадым. Үшінші жекпе-жекте ағылшынмен шықтым және жеңіске жеттім. Қасымда делегация пайда болды. “Азамат былай істе” деген ақыл айтқыштар көбейді. Гүлжан сол кезде “мыналар қайда болды” деп күлді. Мен негізі жаттығу жасауға көмектесуге Тельманов Асхатты алып барған едім. Бірақ жаттықтырушылар оны Сергейге беріп қойған. Төртінші кездесуде Фукуокамен шығып, оны да жеңдім. Сонымен Зантараяны ұтып, финалға шықтым ғой. Қазіргі дзюдоның осындай деңгейге жеткеніне қарап, сол кездегі жетістіктеріме қуанамын, риза боламын”, - дейді ол.
Азамат Айдынұлы Мұқанов — қазақстандық самбо күресінің шебері және дзюдошы.
Ол 2010 жылы самбодан әлем чемпионы болса, 2011 жылы дзюдодан Қазақстан чемпионы атанды. Ал, 2013 жылы дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері және Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. 2014 жылы Азия ойындарында дзюдо бойынша қола медаль иеленді.