Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ол «Бірінші бол» YouTube арнасына берген сұхбатында футзал мен футболға бөлінетін қаржы көлемін салыстыруға келмейтінін айтты. Оның айтуынша, тіпті әлем чемпионатына қатысатын қазақстандық футзал клубтарына да футболдағыдай қомақты сыйақылар берілмейді.
“Футзалда ақша жоқ. Футболмен салыстыруға келмейді. Жер мен көктей. “Қайрат”, “Семей” Чемпиондар лигасына қатысқан кезде Уефадан қаражат түспеді. Басқа да командаларға бонус түспейді. Тек жолдарын төлеп береді. Футболдағыдай емес. Сол үшін де бұл салада тек футзалды жақсы көретін, баспен кіріп кеткендер жұмыс істейді. Былтыр бірінші лигада 8 команда ойнады. Бұл - біздің басты жетістіктеріміздің бірі. Оның алдыңғы жылы 4 команда ойнаған. Былтыр әр аймаққа барып, спорт басқармаларын, әкімдіктерін, демеушілерін көндіріп, команда санын 8-ге жеткіздік. Бірінші лигадағы кейбір командалар 30 миллионмен де ойнап шықты. Ал, бәсекеге қабілетті команда жасақтау үшін 50-60 миллион керек. Ал 100-150 миллион қаржымен чемпион болуға болады. Ол қаражат айлыққа, жолға, қонақ үй, бонус, жарнаға кетеді. Ал жоғарғы лигада былтыр 12 команда ойнады. Оның екеуі “Қайрат” пен “Семей” жеке команда. Олардың бюджеттері де жақсы. Қалған командаларды жергілікті әкімдіктер қаржыландырды”, - дейді ол.
Қауымдастық президенті футзалдың қаржылық жағдайы өзі қызметке келген кезде де күрделі болғанын жеткізді.
“Мен бір қызық айтып берейін. Осы жылдың басында президент болып келген кезде кассаны қарасам, 0 теңге. Жаңа маусым басталайын деп жатыр, ал кассада қаржы жоқ. Президентке барып “Не істейміз, демеуші тартамыз ба” дегенде “Әзірге футбол федерацияның ақшасына өмір сүре тұру керек” деді. Солай бір жыл бойы федерация берген ақшаға өмір сүрдік. Оның ішіне қызметкерлер мен төрешілердің айлығы, трансляция, жасөспірімдер лигасының жарысы кірді.
Футзал қауымдастығында 6-ақ адам жұмыс істейді. Былтырғы бюджетіміз 600-ақ миллион болды. Сол ақшамен бір маусымды алып шықтық. Федерацияға рақметімізді айтамыз. Енді футзалға жаңа холдинг келіп жатыр. Бүкіл шығынды өздеріне алады, Қазақстан чемпионаты мен бірінші лиганың маркетингі, ұйымдастырылуына жауап береді”, - дейді Нұрсұлтан Құрман.