«Хасанбоймен кәсіпқой рингте кездесуге қарсы емеспін»: Сәкен Бибосынов мәлімдеме жасады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Бибосынов “Azamatsport” YouTube арнасына берген сұхбатында Дусматов екеуі бір промоутермен жұмыс істегенімен, бұл болашақта рингте кездесуіне кедергі емес екенін айтты.

«Хасанбой да, мен де жапониялық промоутердеміз. Ол менен бір салмақ төмен. “Бір промоутердеміз, сол үшін жұдырықтаспаймыз” деген түсінік жоқ. Әуесқой бокста біздің жекпе-жегімізді тек Қазақстан мен Өзбекстанда емес, бүкіл әлем күтті, қызыға қарады. Мықты кездесулер өткіздік. Жеңісті қай тарапқа берсе де жарасатын жекпе-жектеріміз болды. Енді кәсіпқой бокста жұдырықтассақ та жақсы болады, менің еш қарсылығым жоқ. Хасанбойдың қалай қабылдайтынын білмеймін», – деді Бибосынов.

Сонымен қатар тәжірибелі боксшы алдағы Азия ойындарында 55 келі салмақ дәрежесінде ел намысын кім қорғайтыны жөнінде де пікір білдірді.

«55 келі салмақта бірінші нөмірлі боксшы – Махмұд Сабырхан. Екінші нөмір – мен. Азия ойындарына өтінім жолдағанда бірінші және екінші нөмірлі боксшыларды көрсетеді. Екеумізде де мүмкіндік бар. “Жігіттің тағына талассаң да, бағына таласа алмайсың” дейді. Кімнің бағы жанып, бабында болып тұр, сол кісіні таңдаса, федерацияға да, бапкерлерге де қарсылығым жоқ. Махмұд қатысса, сәттілік тілеп, қолдау көрсетеміз. Ең бастысы – кім барса да ел намысын абыроймен қорғап, алтын медаль алып келсе, қуанамыз», – деді ол.