Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Алтай Танабаев спорт журналисі Ақарыс Сейітқазыға берген сұхбатында ұлттық құрамадағы якутиялық легионерлерге қатысты Якутия министрімен сөйлескенін айтты.
”Ақжүректің салмағында Леонид Спиридонов болды. Ол қазір Якутияның спорт министрі. Спиридонов Азия чемпионы, әлем чемпионатының жүлдегері болды. Менің ойымша, Леонидтің қазақ еліне ренжіп кететін орны жоқ. Қазақтар оны екі олимпиадаға, 2004 пен 2008-ге қойды. 2012 жылғы олимпиадаға Ақжүрек лицензия алғаннан кейін мен өзім соны қоямын деп шешім қабылдадым. Сол кездегі федерация басшысы Дәулет Тұрлыхановпен ақылдастым. Екеуінің күрестері қалай деп сұрады. Мен бір деңгейде деп жауап бердім. Бірақ ол кезде Леонидтің деңгейі жоғарылау болды. Дегенмен, мен ішімнен өзіміздің қаракөздер неге бармайды деп ойладым. Аналар кетіп қалды ғой, қазақтың балалары жүр. Олар қайда барады?!
Талдықорғандағы жаттығу жиынында Якутия президентінің спорт жөніндегі өкілі Саша деген жігіт мені іздеп келді. Спиридоновты олимпиадаға қояйық деді. Мен бас тарттым. Тағы да әңгімелер болды. Ол мен онда жоғары жақпен сөйлесемін деп кетті. Сөйлесе бер дедім. Ақша ұсынған жоқ. Қанша берсе де сатылмайтын едім. Өзіміздің миллиондаған бала еркін күреспен айналысып жатыр. Айналып келгенде қазаққа қазақтан басқа жаны ашитын адам жоқ”, - дейді ол.
Ақжүрек Достықұлы Таңатаров — еркін күрес шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада ойындарының (Лондон, 2012) қола жүлдегері, Азия чемпионы (Нью-Дели, 2017), халықаралық турнирлердің жеңімпазы және жүлдегері, 66–74 кг салмақ дәрежелерінде Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Ағымдағы жылдың тамыз айында Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасын басшысы болып тағайындалды.
Леонид Николаевич Спиридонов — еркін күрес шебері, Азия чемпионы, әлем чемпионатының жүлдегері.
2003 жылдан бастап Қазақстан атынан өнер көрсеткен. 2004 жылы Афиныда өткен Олимпиада ойындарында 4-орын иеленді. 2006 жылы Азия чемпионы атанды. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасына қатысып, 5-орын алған. 2009 жылы әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алса, ал 2010 жылы Азия ойындарының қола жүлдегері болды.