”Қайын атамнан бата алдым”: Қазақстан чемпионы атанған 5 баланың анасы, Әйгерім Сәттібаева жетістігінің сырымен бөлісті

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Декреттік демалыстан кейін шаршы алаңға қайта шыққан Әйгерім Сәттібаева Семейде өткен ел біріншілігінде 48 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионы атанды. Көпбалалы ана “Qazaqstan” телеарнасына берген сұхбатында боксқа қайта оралғанда қайын атасынан бата алғанын айтты.

”Мен боксты қайтадан бастаймын деген кезде қайын атам, белгілі журналист, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы қолдады. Басында қалай айтарымды білмедім. Себебі, 5 баладан кейін, оның үстіне келін басыммен. Бір күні шәй басында “папа, мен боксты бастаймын” дедім. Ол кісі де күліп, “бастасаң, жең, чемпион бол” деп батасын берді

Балаларымыздың ішінде ұлымыз Дінмұхаммедтің боксқа деген икемі зор. Екі қолмен де соққылары дәл тиіп, боксшыға тән сезімдері бар. Мүмкін, болашақта әкесі сияқты чемпион болар деп ойлаймыз”, - дейді ол.

Сондай-ақ, боксшы бір кездері күйеуіне қолдау көрсету үшін спорттағы мансабын аяқтауға мәжбүр болғанын да жасырмады.

”Кезінде ұлттық құрама сапында өнер көрсеттім. Ол кезде жас едім. Олжас екеуміз отбасылы болдық. Сол кезде бокстағы мансабымды аяқтадым. Үлкен екі қызым мен ұлымды өмірге әкелгеннен кейін 2013 жылы шаршы алаңға оралған едім. Сол кездері жаңадан бабыма оралып, ел біріншіліктеріне қатысып, финалға жетіп жүрген кезде Олжас 2016 жылғы олимпиадаға дайындалатын болды. Ол маған “Айгерім, маған сенің үйде болып, қолдау көрсеткенің қажет болып тұр” деді. Ол да мен де жаттығу жиындарында болып, бір бірімзді айлап көрмейтін кездер де болатын. Солай Олжастың өтінішімен спортты қайта аяқтадым. Бірақ ішімде әлі де жетістіктерге жете алатын едім ғой деген әттеген-ай болды. Уақыт өте бапкер болып та жұмыс істедім. Жас қыздарды боксқа үйреттім. Сол кездері Олжасқа “боксқа оралғым келеді, қатты сағынамын” деп айтатынмын. Олжас маған көмек берді. Өзі жаттықтырды”, - дейді ол.