«Канелоны шайнамай жұту керек»: Жәнібек Әлімханұлы күтпеген мәлімдеме жасады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол janibek_qazaqstyle Instagram парақшасында жарияланған видеода Хамза Ширазбен өтетін ықтимал жекпе-жекке және Сауль “Канело” Альвареспен кездесуге қатысты ойын білдірді.

"Хамза Шираз Ломоченко, Кроуфорд, Усик сияқты танымал боксшы емес, тек белбеуі бар боксшы. Бізге онымен жұдырықтасу тек белбеу үшін ғана қызық. Белбеуді алып, тезірек екінші салмақтың чемпионы болғымыз келеді. Негізгі мақсат - Канеломен жұдырықтасу. Соған барлық күшімізді саламыз. Канелоны шайнамай жұту керек болып тұр. Себебі, біз өзімізге сенімдіміз. Ал Канело жатталған боксшы. Оны 100% жаттап алдым", - дейді ол.

Сондай-ақ қазақстандық боксшы салмақ ауыстырғаннан кейін физикалық тұрғыдан еш қиындық болмайтынын атап өтті.

"Біз 72 келіде жүргенде спаррингті 76-79 келідегі балалармен жасайтынбыз. Соларды ұрып жүрдік, бірақ сәл физикамыз жетпейтін. Қазір осы салмаққа масса жинап баратын болсақ, еш уайым жоқ. Барлық қолдап жатқан жанкүйерлерге алғысым шексіз", - дейді Жәнібек Әлімханұлы.

Айта кетейік, Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) мен британдық Хамза Шираз (24-0-1, 19 КО) арасындағы жекпе-жек бойынша келіссөздерді аяқтауға жаңа мерзім белгіледі.

WBO-ның ресми хабарламасы

Top Rank және Queensberry Promotions компаниялары Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Шираз арасындағы титулдық жекпе-жек бойынша келіссөздер мерзімін тағы бір аптаға ұзартуды сұрап, WBO ұйымына бірлескен өтініш жолдаған.

Осыған байланысты тараптарға келіссөздерді аяқтап, келісілген келісімшартты ұйымға ұсыну үшін 2026 жылғы 10 қыркүйек, Астана уақытымен 01:00-ге дейін уақыт берілді.

Егер белгіленген мерзімде ортақ келісімге қол жеткізілмесе, WBO чемпиондық титулдар жөніндегі комитет жекпе-жекке промоутерлік сауда өткізуді тағайындайды.

Еске сала кетейік, Әлімханұлы бұған дейін орта салмақта WBO және IBF чемпиондық белбеулеріне ие болған. 2025 жылдың соңында қазақстандық боксшы WBA чемпионы Эрисланди Ларамен жекпе-жек өткізуі керек еді. Алайда Әлімханұлының допинг сынамасы оң нәтиже көрсеткеннен кейін бұл кездесу өтпей қалды.

Осыдан кейін IBF қазақстандық боксшыны чемпиондық белбеуінен айырса, WBO оны бір жылға шеттетіп, титулын сақтап қалды.

Шілде айында Әлімханұлы екінші орта салмаққа ауысатынын жариялап, WBO белбеуін босатты. Тамызда ұйым оны жаңа салмақтағы міндетті үміткер ретінде бекітті. Бұл дивизиондағы WBO титулы қазіргі таңда Хамза Ширазға тиесілі.