”Қазақ балалар 150 мың теңге жалақы алады”: Сарапшы отандық футзал туралы тың ақпарат айтты

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол U-Sport Podcast арнасына берген сұхбатында жас ойыншыларға басымдық беру керек екенін айтты.

”Футзалда бәрін жаңадан бастау керек. Кім нені жақсы көрсе, сол нәрсе дамиды деген сөз бар. Әңгіме бапкерде де емес. Бізде басшылықта футзалға деген қатты махаббат жоқ. Бір кездері Димаш Сүлейменовтердің “3 жыл бұрынғы эпикировкамен әлі жүрміз” деген сұхбаттары болды. Сөздің ашығы, бізде футзалға жетім бала сияқты қарайды. Қазақстан чемпионатында командалардың қандай залдарда ойнап жатқанын қараңызшы. Әрі кетсе Семейдің залы мықты. “Қайраттың” өзі Балуан шолақты күні кеше алды. “Бәйтеректің” өзі жақында ғана зал салды. Енді-енді зал салып, дамиын деп жатқан кезде легионерлер болмайды, ақша керек деп қысып тастады. Әйтпесе, Шымкенттің, біздің Атыраудың залы бетон ғой. Ал ондай жерде өскен балалар Еуропаның жарысына барғанда паркетте коньки теуіп кетеді ғой. Футзалға әуелі бапкер емес, жас балаларды шығару. Армения, Италия, Францияның құрамын қарап отырсаңыз, 18-19 жастағы жас балалар көп. Ал біздің құраманы қараңыз, ондай емес. Бәрін жастардан бастау керек. U17, U16, U19-дағы жастарды құр жүгірте бермей, ақырындап қосу керек. Мысалы, Италиямен болған ойында Кака сұхбатында “Дуглас 6 ойнамады, бірақ ол дайын” деп айтты. Бірақ, ойынды көрдік, Дуглас дым дайын болған жоқ. Оның қасында бабында жүрген қазақ бала артық еді. Дугластың еңбегін жоққа шығармаймын, бірақ дәл сол ойын маңызды еді”, - дейді ол.

Сондай-ақ, ол футзалдағы жалақының да жағдайы мәз емес екенін айтты.

”Естіген ақпаратым бойынша, легионерлер жергілікті ойыншылардан жоғары жалақы алады. Ал қазақ балаларының ішінде ең азы 150 мың теңге алады. Тіпті солардың арасында “айлық түскенше” деп ақша алатындар болды. Сол кезде айлықтарын сұрадым. Қазақ балаларының ең көбі 500-600-700 мың теңге алады. Ал күні кеше көше футболынан шығып келген бала 150-200 мың теңге ғана алады. Тіпті былтырғы маусымда “Каспийде” 100 мың теңгеге ойнайтын балалар болды, және оларға әуесқой лигада ойнамайсыңдар деп шарт қойған. “Жетісу” командасында да биыл 150 мың теңгеге ойнап жатқан жас балалар бар”, - дейді ол.