Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Кездесуге ҚР ҰОК президенті Геннадий Головкин, бас хатшы Әлімжан Ақаев, Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, сондай-ақ Қазақстанның Ұлттық допингке қарсы орталығының директоры Майра Бақашева қатысты.
Іс-шараға сонымен қатар ҰОК-тың жалпы мәселелер жөніндегі вице-президенті, Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті Гаджи Гаджиев, халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-президент, Қазақстан бокс федерациясының басшысы Шахмұрат Мүтәліп, таеквондо федерациясының президенті Құдірет Шәмиев, Рио-2016 Олимпиадасының чемпионы, Қазақстан су спорты түрлері федерациясының бас хатшысы Дмитрий Баландин, дзюдо федерациясының бас хатшысы Тимур Болат және шайбалы хоккей федерациясының бас директоры Сәкен Мұсайбеков қатысты.
Кездесу барысында тараптар адал спорт мәдениетін қалыптастыру үшін барлық мүдделі ұйымдардың бірлесе әрекет етуінің маңыздылығын атап өтті. Кездейсоқ допинг қолданудың алдын алуға, құрамында тыйым салынған заттар бар тағамдық қоспалар мен дәрі-дәрмектердің қауіптілігіне, терапевтік рұқсатпен жұмыс істеу тәртібіне және спортшыларды жарыстар мен оқу-жаттығу жиындары кезінде ақпараттандыру стандарттарына ерекше назар аударылды.
"Қазақстан Орталық Азияда таза спортты ілгерлетуде маңызды рөл атқарады. Ел Өңірлік антидопинг ұйымы - RADOCA-ның орталығы әрі аймақтық ынтымақтастықтың көшбасшысы болып саналады. Біз спортшыларды қолдау және әділ спорттың болашағын қорғау мақсатында Ұлттық Олимпиадалық комитетімен ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтамыз деп сенемін", - деді WADA президенті Витольд Банька.
Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин еліміздің WADA-мен бір бағытта әрекет етіп, спорттық құндылықтарды, спортшылардың денсаулығын және әділ бәсеке қағидатын сақтау ісінде ортақ ұстанымда екенін атап өтті.
"Қазақстан ҰОК допингке мүлде жол бермеу саясатын берік ұстанады. Біз әріптестерімізбен бірге осы бағыттағы жүйелі жұмысты жалғастырып келеміз. Бүгін ұлттық федерация өкілдерін шақырып, ашық форматта маңызды мәселелерді талқылауға мүмкіндік жасадық. Әр қатысушы өз сұрағын қойып, адал спортты дамытуға үлес қосуы аса маңызды", - деді Геннадий Головкин.
ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев Қазақстанның допингке қарсы саладағы ынтымақтастық пен ашық диалогқа әрдайым дайын екенін атап өтті.
"Қазақстан антидопинг саласында ынтымақтастыққа және сындарлы диалогқа ашық. Біз бұл жұмыстың маңыздылығын түсінеміз және адал спортты қорғауға, спорттағы сенімді нығайтуға бағытталған кез келген бастамаларды қолдауға дайынбыз", - деді Әлімжан Ақаев.
Ашық диалог форматында өткен кездесуде қатысушылар допингті реттеу саласындағы негізгі мәселелер бойынша пікір алмасып, жүйелі тестілеудің және спортшылардың хабардарлығын арттырудың маңыздылығын айтты. Ұлттық федерация өкілдері өздерін қызықтырған сұрақты қойып, егжей-тегжейлі ақпарат алды.
"Қазақстан әрдайым WADA бастамаларын қолдап келеді және ұйымның басты мақсаты – әділ спортты қорғау идеясын қолдайды. Бұл ынтымақтастық тәжірибе алмасуға, ұлттық тәжірибені жетілдіруге және білім беру бағдарламаларын дамытуға жол ашады. Бүгінгі кездесу өзара серіктестікті нығайтып, халықаралық спорт қауымдастығында сенімді күшейтуге бағытталған маңызды қадам болды", - деді Қазақстанның Ұлттық допингке қарсы орталығының директоры Майра Бақашева.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты жалғастыруға және бірлескен тәжірибелік бастамаларды жүзеге асыруға уағдаласты. Атап айтқанда, жаңартылған білім беру модульдерін әзірлеу, ұлттық федерациялар үшін бірыңғай әдістемелік материалдар дайындау және тәуекел мен үздік тәжірибелер туралы жедел ақпарат алмасу механизмдерін енгізу жоспарланды. Сондай-ақ тараптар спорт ұйымдарының күнтізбесіне сәйкес нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуге келісті.