Қазақстанды Азиададағы алтыннан айырды: медаль Қытайға берілді

Спортшының нәтижесі аяқ киіміне байланысты жойылды, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Жарыс 27 қыркүйекте өтті. Тоқсанбаева 42,195 шақырымды 3 сағат 22 минут 20 секундта жүріп өтіп, бірінші болып мәреге жеткен. Алайда оның нәтижесіне наразылық білдірілген.

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметінше, халықаралық жеңіл атлетика федерациясы — World Athletics спортшының аяқ киімін тексерген. Нәтижесінде оның жарыста қолданған аяқ киімі рұқсат етілген жабдықтар тізіміне кірмейтіні анықталған.

Осыдан кейін Азиада ұйымдастыру комитеті қазақстандық спортшыны жарыстан шеттетіп, нәтижесін жойған.

Тоқсанбаева нәтижесінің жойылғанын Instagram парақшасында растады.

«Кешіріңіздер, бұл бір сәттік эмоция болды. Мен алтынды қатты сыйлағым келді. Бірақ Алланың қалауы бізге беймәлім. Бұл мені арманымның жолынан тоқтатпайды. Нәтиже жойылды. Біз соңына дейін күрестік», – деп жазды спортшы.

Ол өз командасына және оны соңына дейін қолдаған жандарға алғыс айтты.

«Жеке жаттықтырушымнан бастап, Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясының барлық мүшелеріне, тіпті Спорт министріне дейін мен үшін соңына дейін күрескен суперқаһармандарыма рақмет! Бүгін мені мың бөлікке бөліп тастағандай болды», – деді Тоқсанбаева.

Қазақстандық спортшының нәтижесі жойылғаннан кейін алтын медаль Қытай өкілі Данцзин Цюйцзунға, күміс оның отандасы Ли Маға, ал қола Жапония спортшысы Юкико Уменоға берілді.

Осылайша Қазақстан құрамасының қоржынында 9 алтын медаль қалды. Жалпы медальдық есепте ел құрамасы бесінші орында тұр.