Қазақстандық теннисші J100 турнирінде топ жарды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Ұлттық Олимпиадалық комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Аталған сында қазақстандық Дамир Жалғасбай үздік шықты.

Дамир финалда венгриялық Колос Кинчесті 6:3, 6:4 есебімен ұтып, чемпион атанды. Бұл – оның спорттық жолындағы екінші, биылғы бірінші титулы.

Сондай-ақ 12 және 14 жасқа дейінгілер арасында Tennis Europe және ATF жарыстарында да қазақстандық жасөспірімдер жақсы табысқа қол жеткізді. 

Черногорияда екінші санаттағы ТЕ додасында жұптық сында Айым Қанағатова румыниялық Мария Чичумен бірге соңғы бәсекеде Кристина Шегай (Қазақстан) – Висня Митичті (Сербия) тізе бүктірді – 6:2, 6:2. 

Баку қаласында АТF жарысында қазақстандықтар озық шықты. Финалда жекелей сында қыздар арасында Алиса Королева үндістандық Яхнави Таменедиді жеңді – 6:1, 2:6, 6:3. Асқар Әмір жекелей сында чемпиондық атақ үшін бәсекеде тағы бір үндістандық Пунит Монохарға есе жіберді – 6:7, 1:6.

Дегенмен Асқар жұптық сында сол Пунитпен бірге финалда Сухаль Фарухи (Иордания) – Ахмад Саруджиді (Сауд Арабиясы) ойсырата ұтты – 6:1, 6:1.