Қазақстанның қысқы Олимпиададағы тарихы мен үміті: Бөлінген қаражат ақтала ма?

Қазақстанның олимпиада тарихындағы жолы қандай? Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады. 

Қазақстанның тарихы пен үміті

Қазақстан спортшылары тәуелсіз ел ретінде қысқы Олимпиада ойындарына алғаш рет 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында қатысты. Бұл дода ел тарихындағы ең табысты кезеңдердің бірі ретінде есте қалды. Шаңғы спорты бойынша Владимир Смирнов 50 шақырым классикалық жарыста алтын медаль жеңіп алып, Қазақстанның қысқы Олимпиададағы тұңғыш чемпионы атанды. Сонымен қатар ол 10 және 15 шақырымдық жарыстарда күміс жүлде иеленіп, сол жылғы ең үздік нәтижені көрсетті.

1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өткен Олимпиадада да Қазақстан құрамасы жүлдесіз қалмады. Владимир Смирнов 15 шақырым еркін стильде қола медаль жеңіп алса, Людмила Прокашева 5000 метрге конькимен жүгіруден үшінші орынға ие болды. Бұл — Қазақстанның коньки спорты бойынша алғашқы Олимпиадалық жүлдесі еді.

2002 жылы Солт-Лейк Ситиде өткен Қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 50 спортшы қатысты. Бірақ ешқайсысы жүлде ала алмады.

2006 жылы Туринде өткен қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 67 спортшы аттанды. Бірақ жүлде ала алмады.

2010 жылғы Канаданың Ванкувер қаласында өткен Олимпиадада биатлоншы Елена Хрусталева 15 шақырымдық жеке жарыста күміс медаль алып, ел қоржынына жалғыз жүлде салды.

2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен ойындарда мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қола медаль жеңіп алып, Қазақстан тарихында бұл спорт түрінен алғаш рет Олимпиада тұғырына көтерілді.

2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өткен додада фристайл (moguls) бойынша Юлия Галышева қола медаль иеленіп, ел тарихындағы маңызды жетістіктердің бірін тіркеді.

Ал 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасы Қазақстан үшін жүлдесіз аяқталды. Пандемия жағдайында өткен бұл ойындар қатаң санитарлық талаптармен ерекшеленді. Қазақстан атынан 34 спортшы қатысты. Дегенмен жекелеген нәтижелер болды: шорт-тректен Абзал Әжіғалиев 500 метр қашықтықта төртінші орын алып, жүлдеге бір қадам жетпей қалды. Аралас эстафета командасы бесінші нәтиже көрсетті. Айта кетерлігі, осы Олимпиадада алғаш рет спортшылар формасында ел атауы «QAZAQSTAN» деген латын қарпімен жазылды.

Мемлекет тарапынан жүлдегерлерге арналған сыйақы көлемі де бекітілген еді: алтын медаль үшін - 250 мың доллар, күміс үшін - 150 мың, қола үшін - 75 мың доллар.

Сол кездегі нәтижелер қоғамда қызу талқыланып, сынға да ұшырады. Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев:

«Іс жүзінде сөз сәтсіздік туралы болып отыр. Қоғамда да дәл осындай түсінік басым. Біз мұны мойындауымыз керек, әсіресе Токиодағы спортшыларымыздың әлсіз көрсеткіштері аясында медальдардың болмауын халық ауыр қабылдады. Бұл сәттер ойын басталған сәттен-ақ айқын байқалды», - деп мәлімдеген еді.

2026: жаңа формат, жаңа талап

2026 жылғы қысқы Олимпиада ұйымдастыру форматы жағынан да, ауқымы тұрғысынан да өзгеше. Бұл жолы ойындар бір қалада емес, Италияның солтүстігіндегі Милан және Кортина қалаларында өтіп жатыр. Мұндай модель инфрақұрылымды тиімді пайдаланып, шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Биылғы додаға 90-жуық елден 3500 спортшы қатысуда. Бағдарламаға дәстүрлі қысқы спорт түрлерімен қатар жаңа дисциплина - ски-альпинизм енгізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл Олимпиадада бұрыннан бар спорт нысандары барынша пайдаланылып, тек қажетті объектілер ғана жаңғыртылған. Бұл шешім шығынды азайтуға және экологиялық талаптарды сақтауға бағытталған. Сонымен қатар жарыстар ашық форматта өтіп, жанкүйерлер стадиондарға қайта оралды.

Қазақстан құрамасы және қаржыландыру мәселесі

Биыл Қазақстан атынан 36 спортшы қатысуда: олардың 18-і ерлер, 18-і әйелдер. Ұлттық құрама спорттың 9-дан астам түрінде бақ сынап жатыр. Спортшылар еліміздің әр өңірінен іріктелген, ең көп өкіл Алматы қаласынан. Бұл - Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде қысқы Олимпиадаға тоғызыншы рет қатысуы.

Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің ресми деректеріне сәйкес, ұлттық құраманы дайындауға шамамен 13 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржы республикалық және жергілікті бюджеттерден, федерациялар қаражатынан және Туризм және спорт индустриясын қолдау қорынан құралған.

Комитет төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаевтың айтуынша:

«2025 жылы қысқы Олимпиада ойындарына сапалы дайындықты қамтамасыз ету үшін жалпы қаржыландыру көлемі 13,2 млрд теңгені құрады. Оның ішінде федерациялар қаражаты - 585 млн теңге, республикалық бюджет - 5,3 млрд теңге, жергілікті бюджет - 6,2 млрд теңге, сондай-ақ Туризм және спорт индустриясын қолдау қорынан 812,5 млн теңге бөлінді».

Ал ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің бас хатшысы Әлімжан Ақаев:

«Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан қатысты. Ол үшін де арнайы халықаралық комитет тарапынан бюджет бөлінді», - дейді.

Олимпиадалық форма: стиль мен технология

Қазақстандық спортшылар бұл Олимпиадада жаңа спорттық киім үлгісімен өнер көрсетуде. Ұлттық құраманың формасы арнайы комиссияның қарауынан өтіп, ресми түрде бекітілген.

Киім жиынтығы 22 элементтен тұрады: ашылу және жабылу салтанатына арналған форма, жарысқа, жаттығуға және күнделікті киюге арналған киімдер, сондай-ақ суық ауа райына бейімделген сыртқы киімдер бар. Олимпиадалық форма бюджеттен тыс қаражат есебінен сатып алынған. Дизайнда ұлттық нақыш пен заманауи спорттық технологиялар үйлестірілген.

Алғашқы нәтижелер: үміт бар ма?

Олимпиада басталғалы 15 күн өтті. Қазақстан құрамасының басты жетістігі - мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың өнері. Ол ерлер арасындағы жекелей сында алтын медаль жеңіп алып, жеке рекордын жаңартты.

«Шынымды айтсам, бұған сене алмадым. Бүкіл маусым бойы өзіммен күрестім, бұл маусым мен үшін барынша ауыр өтті. Жарыстарда шамамен үш рет бес айналым секіруді орындап көрдім, бірақ сәтті шықпаған еді. Алайда бүгін бәрі сәтімен келді, бес жылдық дайындығым зая кетпеді. Осы медальді барша қазақстандықтарға арнаймын», - деді ол берген сұқбатында.

Айта кетейік, Михаилдың ұстазы - марқұм Денис Тен. Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар екеуіне арнап жасанды интеллект арқылы бейнероликтер жасап, қуаныштарын бөлісуде.

Сонымен қатар, трамплиннен секіруде Илья Мизерных сегізінші орын алып, ел тарихындағы ең үздік нәтижені көрсетті.

Шаңғы жарыстарында қазақстандық спортшылар үздік 20–30 спортшы қатарына енді. Ал шорт-тректе отандық спортшылар ширек финал мен жартылай финалға дейін тұрақты түрде жетіп отыр.

Үлкен спорт - үлкен саясат

2029 жылы қысқы Азия ойындарының Алматыда өтуі жоспарланып отыр. Бұл - Қазақстан үшін халықаралық спорттағы позициясын нығайтуға үлкен мүмкіндік. Оқи отырыңыз: Алматыға 2029 жылғы Азиада ойындары керек пе?

Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин бұл туралы:

«Әлемдік спортты қолдау еліміздің имиджі үшін өте маңызды. Кешенді жарыстар мемлекеттік беделге айтарлықтай әсер етеді. Үміткерлердің қатарында Қытай да болды, себебі олар әрқашан дайын. Корея да қарастырылды. Спорттағы шешімдер келіссөздер арқылы қабылданады», - дейді.

Қорытынды: нәтиже мен жауапкершілік

Осылайша, Олимпиаданың алғашқы 15 күнінде Қазақстан құрамасы алтын медальмен қатар, бірнеше тарихи және жеке жетістіктерге қол жеткізді. Бұл ел спортшыларының қысқы спорт түрлерінде бәсекеге қабілетті екенін көрсетті.

Алайда басты сұрақ әлі де өзекті: бөлінген миллиардтаған қаражат толық ақтала ма?

Ойындар 22 ақпанға дейін жалғасады. Демек, ұлттық құраманың нәтижені жақсартуға әлі де мүмкіндігі бар. Бірақ соңғы қорытынды тек медаль санымен ғана емес, жүйелі дайындық пен спорт саясатының тиімділігі арқылы бағаланатыны анық.