“Келесі жекпе-жектеріңе мен ақша құйсам деді”: Қазақстандық кәсіпқой боксшы ықпалды арабтың көзіне қалай түскенін айтты

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол “Бірінші бол” You Tube арнасына берген сұхбатында бокс әлеміндегі ықпалды арабтан қандай ұсыныс түскенін баяндап берді.

”Кәсіпқой бокстың 70-80% жанкүйері Мексикадан. Шығып жатқан чемпиондардың барлығы Мексиканың туын киіп шығады. Гена ағамыздың өзі “мен Мексиканың стилін жақсы көремін” деді. Боксшылар жанкүйерлерді солай өзіне тартады. Маған да айтып, қазір мені де мексиканша киіндіріп жатыр. Өйткені, үлкен жекпе-жектерге шығам, жұлдыз болам десең, Мексиканың аудиториясына жүруің керек дейді. Рас өтірігін білмеймін. Бірақ, барынша берген қолдан алған қол төмен тұрады демекші айтқандарын істеп жүрмін. Менің менеджерлерім осы саланың акулалары. Беделі, абыройы бар, келісіп ала салады. Мысалы, мені соңғы жекпе-жегімде Туркидің алдына көрсетіп қойды, сол - Канеллоның абыройы. Канелломен бірге жұмыс істеп жатқан Эдди Рейносо “менің баламды мына кардқа қой” деген сияқты сөздерін өткізе алады. Абырой, беделі бар. Эдди жекеме шығып, “мына жекпе-жекте жақсылап ұру керек, алдыңда мынандай адам, публика тұр, көзге түсесің” деп айтты. Құдай қарасып, жекпе-жекте көзге көрініп қалдым. Турки өзі шақырды. Рингтің ортасына аудармашы келіп, сенімен біреу сөйлескісі келіп жатыр деді. Кім десем, Турки деді. Сосын ол “сенің жекпе-жегің ұнап қалды, алдағы жекпе-жектерге қаражатты мен құйсам, жұдырықтасасың ба” деді. Біздің де жете алмай жүргеніміз сол ғой. Құдай өзі алдыма айдап келген шығар деп “болды” дедім”, - дейді ол.

Сондай-ақ, боксшы келесі жекпе-жегі қашан өтетінін де жасырмады.

”Келесі жекпе-жегім желтоқсанда өтеді деді. Лондон немесе Эр-Рияд деп айтты. Сосын мен Эддиға “Онда мен Америкаға емес, Лондонға немесе Эр-Риядқа барайын да” дедім. Ол “Америкада дайындаласың, бірге барамыз” деді. Америкада спарринг серіктестер көп, маған да сол жақсы. Визамды созып алғаннан кейін Америкаға баруым керек”, - дейді ол.

Турки Аль аш-Шейх – Сауд Арабиясының ең ықпалды тұлғаларының бірі. Ол - Сауд Арабиясының патша әкімшілігінің министр дәрежесіндегі кеңесшісі және 2018 жылғы 27 желтоқсаннан бері елдің басты ойын-сауық басқармасының төрағасы. Кейінгі жылдары Турки Аль аш-Шейх спорт пен шоу-бизнес саласын қарқынды дамытуда. Соның ішінде, әлемдік деңгейдегі бокс шараларын ұйымдастырумен кеңінен танымал.

Айта кетейік, Бек Нұрмағанбет әйгілі мексикалық Сауль Канело Альварестің командасында жаттығады. Оның менеджері – Канелоның бапкері әрі сенімді серігі Эдди Рейносо.

15 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен Бек Нұрмағанбет Дүниежүзілік бокс ассоциациясының (WBA) рейтингінде 10-шы орында тұр.