"Кезінде мойындамағандар қазір күшік құсап жүр": Данияр Елеусінов бокс федерациясы туралы

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Sportbugin Instagram парақшасында жарияланған видеода Данияр Елеусінов Қазақстан бокс федерациясындағы жағдайға қатысты ойын айтады. Видеодағы сөздерге сәйкес, ол федерация басшылығына жақын адамдар туралы айтып, бірқатар тұлғаны сынға алған.

«Қазір бокс федерациясында Шахмұраттың жанында жақын достары Дархан, Жанқош бар. Қалғандарының бәрі екіжүзділер. Кезінде мойындамағандар, менімен ақылдасқандар қазір жүгіріп жүр, күшік құсап. Бәрі жорғалап жүр. Екіжүзділерді жек көремін», - деді ол.

Айта кетейік, видеодағы сөздердің нақты қашан және қандай жағдайда айтылғаны да әзірге белгісіз.

Видеоға пікір білдірген желі қолданушыларының бірқатары боксшыны қолдап, оның сөзін құптайтынын білдірген.

"Еххх, ондайлар тек бокста емес, біраз жерде жүр ғой", "Бәсе, неге көрінбей кетті десем, себеп бар екен ғой. Әйтпесе мықты боксшы. Мойыма бауырым, аман жүр", "Заман солай болып кетті, қазір екіжүзділердің заманы", "Тіке айтатын жігіт", - деп жазды олар.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың шілде айында Данияр Елеусінов Астанада ішіп алып, жол ережесін өрескел бұзып, қымбат көлігімен оқиға болған жерден қашып кеткені үшін 20 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік жүргізу куәлігінен айырылған еді.