"Көпшілік алдында жәй киіммен жүруге, көлік айдауға болмайды": Ерсін Балтағұл сумодағы қатаң талаптар туралы айтты

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол "Abay Live" YouTube арнасына берген сұхбатында Жапонияға қалай барғанын, сумо күресіндегі мансабының қалай басталғанын баяндап берді.

"Өзім Алматы облысы, Балқаш ауданы, Береке ауылында дүниеге келгенмін. Қарапайым, ауылдың отбасынан шыққан баламын. Асасёрю Акинори деген Моңғолияның танымал сумошысы Жапонияға арнайы бағдарламамен алып кеткен болатын. Сол жаққа оқуға түсірді. 18 жастағы Ерсін "тек алға" деп тұрды. Сол мінезіммен кеткенім дұрыс болды деп ойлаймын", - дейді ол.

Сондай-ақ, ол сумошыларға қойылатын талаптарды да атады.

"Элиталық дивизон болсын, төменгі сатыдағы дивизон болсын, тәртіп бәрімізге бірдей. Күнделікті жүріп-тұруымыз қатаң қадағалауда болады. Сауда орталығына, қалаға шыққанда арнайы сумошыларға арналған киіммен шығамыз. Көпшілік алдында жәй киіммен жүруге болмайды. Шашымызды жасайтын мамандарды токояма атаймыз. Күнделікті өмірде шашымызды жоғарыға түйіп жүреміз. Ал жарыс кезінде басқа үлгіде болады. Жапонияда самурай секілді шашымызды кесіп, мансабымызды аяқтаймыз. Сондай-ақ, сумошыларға көлік айдауға рұқсат бермейді. Өзіміз арнайы көлік жүргізуші жалдаймыз. Ол - федерацияның қойған талабы", - дейді Ерсін Балтағұл.

Спортшы жеке өміріне қатысты сұрақтарға да тоқталды.

"Егер жоғарғы дивизонда жүрсең, үйленуге рұқсат береді. Оған дейін болмайды. Мен 4 жыл бұрын үйлендім, екі балам бар. Отбасың болса, федерация жақсы қарайды. Жапонияда медициналық сақтандыру қымбат жүреді. Ал федерация отбасың болса, сол жағынан көмектеседі. Балаларым мемлекеттік балабақшаға баратын болса, ол да тегін болады. Ай сайын балаға алимент түсіп отырады. Мемлекет осындай жақсы көмектер көрсетеді", - дейді ол.

Ерсін Балтағұл журналистің "Жапонияда қалу ойыңыз бар ма?" деген сұрағына да жауап берді.

"Мен қазір Қазақстан азаматымын. Жапонияда қалу ойым жоқ. Біздің кең-байтақ жерімізге жететін жер жоқ. Жапонияда тынысым тарылып жүр еді, қазір кең тыныс алып, ауаға тоя алмай жүрмін. Елге келгеннен кейін балаларды сумоға тәрбиелейтін шығармын. Ықыласы бар балаларды Жапонияға алып баруға болады", - дейді сумошы.