Қос қазақ қызы Тирана төрінде топ жарды

Отандастарымыз екі бірдей алтын медаль жеңіп алып, халықаралық аренада ел мерейін үстем етті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Зейнеп Баянова жарыс барысында АҚШ өкілі Кендра Роуз Райанды 10:0, жапониялық Мия Накамураны 8:7, Үндістан спортшысы Мускан Мусканды 12:1 есебімен жеңді. Ал финалда үндістандық Прианши Праджапатпен белдесіп, 13:2 есебімен басым түсті.

Ал 55 келі салмақта Лаура Алмағанбетова алғашқы белдесуінде үндістандық Пушпа Пушпаны 3:1 есебімен жеңді. Кейін Германия өкілі Анастасия Блевастан айласын асырып, финалға шықты. Алтын жүлде үшін өткен тартысты кездесуде украиналық Лилия Маранчикті 3:2 есебімен ұтып, команда қоржынына екінші алтынды салды.

Айта кетейік, бұл жарыс – жаңадан тағайындалған бас бапкер Нұрсұлтан Теміров үшін алғашқы халықаралық сындардың бірі.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан әйелдер құрамасы ірі әлемдік додаларда алтын медальға қол жеткізе алмай жүрген еді.