“Көшпенділер қызғанышы”: Қырғызстан медаль есебін жойып, Қазақстанның жеңісіне қатысты дау туды

Бұл туралы желі қолданушысы Руслан Түсіпбеков жазды, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

”Қырғыздар жалпы медаль кестесінен біздің үш алтын медальді алып тастап, бірінші орынға шықты. Ал біз алтын медаль санының көп екенін дәлелдегеннен кейін, олар медаль есебін мүлде жою туралы шешім қабылдады.

Бұл – ойындар тарихында медаль есебінің алғаш рет жойылуы. Бұған дейінгі 2014, 2016, 2018 және 2024 жылдардағы ойындардың барлығында медаль есебі міндетті түрде жүргізілген. Сондықтан биыл оның жойылуы әдейі жасалған шешім екені түсінікті. Жұмсартып айтқанда, бұл спорттық қағидаларға сай келмейді.

Бәлкім, оларға біздің қатарынан екінші рет жеңіске жеткеніміз ұнамаған шығар? Өйткені 2024 жылы да медаль есебінде Қазақстан көш бастаған еді. Бірақ бұл – бәрібір спорт. Бұған өкпе мен реніштің не қажеті бар? Қалай болғанда да, көңілде бір кірбің қалды.

Ал бүгін ғана ойындардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны, көшпенділерді және тек оларды ғана емес, барша жұртты біріктірген рух, көрші елдер арасындағы достық туралы көлемді жазба жариялағым келген еді. Тіпті қарапайым нұсқасын да дайындап қойғанмын.

Енді әзірге жазбай-ақ қояйын”, - деп жазды желі қолданушысы.