«Құдаймен келісімге отыруға болады екен»: Еркебұлан Тоқтар өміріндегі ерекше сәт туралы айтты

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Еркебұлан Тоқтар бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған видеосында айтып берді. Оның сөзінше, бастапқыда қаржы қажет болғандықтан көлігін сатуды ойлаған. Алайда кейін інісіне көлікті сыйлауға шешім қабылдаған.

«Менде мұндай жағдай бірінші рет болып тұр. Таң қалып тұрмын. Құдаймен келісімге отыруға болады екен деген нәрсеге көзім жетіп тұр. Мүмкін, ислам діні бойынша қате ойлап жатқан шығармын.

Ақша керек болып, көлікті сатамын деп ойлаған кезде, інім екеуміз екі “геликке” отырып, айдап бара жаттық. Сол кезде көліктің оған қалай жарасып тұрғанын көрдім. Құдайдан дауыстап: “Егер маған қазір керек ақшамды басқа жолмен табуға мүмкіндік берсең, ініме осы көлікті сыйлаймын”, – деп сұрадым.

Келісім ғой, бірден орындалды. Ақша аспаннан жаумайды. Бірақ ертесіне бірнеше жобамен келісімге келіп, ақша өзі-ақ келді. Құдай “мен келісімді орындадым, енді сен орында” деді ғой», – деді ол.

Ол інісі Әділдің осы уақытқа дейін жұмысына көмектесіп жүргенін айтып, көлікті сатпай, оған сыйлауды жөн көргенін жеткізді.

«Жұмысымның бәрін бастан-аяқ інім жүргізіп жүр. Осы уақытқа дейін “менің айлығым қанша?” деген сұрақ қойған жоқ. Сол үшін “геликті” сыйлаймын. Құтты болсын. Құдаймен келісіп алдым. Құдай орындады, мен өз жағымды орындап жатырмын», – деді Еркебұлан Тоқтар.