Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Сәпиевтің сөзінше, заң алдында барлығы тең болғанымен, спортшыға қатысты жағдайдың барлық мән-жайын объективті қарау қажет.
«Заң – бәріміз тең болатын негіз, ал тәртіп спортта да, өмірде де маңызды. Бүгін осы қиын сәтте досым Данияр Елеусіновке шын жүрегіммен қолдау білдіргім келеді.
Данияр – Олимпиада чемпионы, өз еңбегімен Қазақстанның атын әлемдік аренада танытқан азамат. Оның артында орасан зор еңбек, тәртіп пен көптеген жеңіс бар.
Баршаңызды Даниярға түсіністікпен және құрметпен қарауға шақырамын. Жағдайдың барлық мән-жайы объективті түрде қаралғанын күту керек. Мен Даниярға сенемін және оның тезірек қатарға қосылып, алдағы уақытта да жеңістерімен баршаны қуанта беруін тілеймін», – деп жазды Серік Сәпиев.
Бұған дейін FlyArystan әуе компаниясының Алматыдан Астанаға бағыт алған рейсте жолаушы ұшақтан өз бетінше шығып кеткені хабарланған. Әуе компаниясының мәліметінше, оқиғадан кейін авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес жолаушылар мен жүктер қайта тексерілген. Осыған байланысты рейс кешіктірілген.
Полиция жолаушыға қатысты бес әкімшілік құқық бұзушылық бойынша материал толтырған. Атап айтқанда, қоғамдық орында мас күйінде болу, тыйым салынған жерде темекі өнімдерін пайдалану, ұшу қауіпсіздігі талаптарын бұзу, әуе кемесіндегі мінез-құлық ережелерін сақтамау және ұсақ бұзақылық бойынша іс қозғалған.
Полиция ұсталған адамның жеке басын ресми түрде жариялаған жоқ.
Алайда бірқатар БАҚ пен Telegram-арналар оқиғаға қатысқан адам Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов екенін жазды. Оның бұл оқиғаға қатысы әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Еске сала кетейік, шілде айында Елеусінов көлікті мас күйінде айдап, үш жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін 20 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Боксшы жазасын өтеп шыққаннан кейін әлеуметтік желідегі парақшасында өміріндігі қиын кезеңді бастан кешіріп жатқанын, сондай-ақ, ішімдікке тәуелділігі туралы ашық айтқан еді.