Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Қазақстан құрамасы
Қазақстан құрамасы жарысқа 36 (18 ер, 18 әйел) спортшымен қатысады. Қазақстандық спортшылар Олимпиададағы дебютін 7 ақпанда жасайды. Жалпы 10 спорт түрінде жарысқа түседі. Олар: биатлон, тау шаңғысы, конькимен жүгіру, шаңғы жарыстары, шаңғы қосатлетикасы, трамплиннен секіру, мәнерлеп сырғанау, фристайл-акробатика, могул және шорт-трек.
Командадағы ең жас спортшы 16 жастағы фристайл-акробат Асан Асылхан болса, ең ересегі 33 жастағы шорт-трекші Абзал Ажғалиев.
Ал мәнерлеп сырғанаушылар, 18 жастағы Софья Самоделкина мен 21 жастағы Михаил Шайдоров алғаш рет Олимпиадада өнер көрсетеді. Төрт жылдықтың басты додасына бірінші рет қатысып жатқан тағы екі спортшы – 18 жастағы Илья Мизерных (трамплиннен секіру) пен Ростислав Хохлов (тау шаңғысы спорты).
Жанкүйерлер кімге үміт артып отыр?
Қысқы Олимпиадада отандық спортшылардың жоғары нәтиже көрсетуі екіталай. Бірақ жанкүйерлер үміт артып отырған спортшылар да жоқ емес.
Шорт-трекші - Денис Никиша
Ұлттық құрама капитаны және командадағы ең тәжірибелі спортшылардың бірі. Бұл Олимпиада оның мансабындағы төртінші жарыс болмақ.
Кейінгі екі жылда Никиша нағыз бабында. Ол - 500 метр қашықтықта әлем чемпионаттарының екі күміс медалін жеңіп алды. Жеке жарыстардан бөлек, Қазақстан құрамасымен аралас эстафетада да өнер көрсетіп, үздік бестікке енді.
Шорт-трек Қазақстан құрамасы үшін Олимпиададағы ең мүмкіндігі мол спорт түрлерінің бірі.
Құрамадағы ең көп талқыланатын спортшыларының бірі – мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина. Ресей азаматтығынан Қазақстан азаматтығына өткеннен кейін оның спорттық жолы жанкүйерлер күткендей бірден жарқ ете қойған жоқ.
Әлем чемпионатындағы 14-орын алуы және төрт құрлық чемпионаттарында тұрақты түрде алғашқы ондыққа енуі жаман көрсеткіш емес. Алайда, бұл нәтижелер әзірге медальмен ұштасып жатқан жоқ. Соған қарамастан, Олимпиада Самоделкинаның мансабындағы ең маңызды сын болмақ. Дәл осы жарыста оның жоғары нәтиже көрсетуіне зор мүмкіндігі бар.
Мәнерлеп сырғанаушы - Михаил Шайдоров
Алматылық мәнерлеп сырғанаушы жанкүйерлерге үміт сыйлап отырған басты спортшылардың бірі. Ол қатарынан екі маусым бойы әлемдегі ең мықты ерлердің қатарына кіріп келеді.
Оның еншісінде әлем чемпионатының күміс жүлдесі, төрт құрлық чемпионатындағы жеңісі, Гран-при кезеңдері мен Азия ойындарының медальдары бар.
Айта кету керек, Шайдоров әзірге әлемде үштік аксель мен төрттік тулуптан тұратын каскадты орындаған алғашқы әрі жалғыз мәнерлеп сырғанаушы.
Қорытынды
Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде Олимпиадаға 1994 жылдан бері қатысып келеді. 32 жыл ішінде спортшыларымыз 8 медаль жеңіп алды. Оның үшеуі күміс болса, төртеуі қола. Ал бірінші және жалғыз алтын медальді шаңғышы Владимир Смирнов 1994 жылы Норвегияда өткен Олимпиада ойындарында жеңіп алды.
2022 жылы Бейжіңде өткен қысқы Олимпиадада ел қоржыны бос қайтқан еді. Жанкүйерлердің ендігі үміті Италиядағы жарыстарда.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауовтың “қысқы Олимпиададан бір ғана медаль алуымыз мүмкін” деген спорт және туризм министрлігін қатаң сынағанын жазған едік.
Айта кетейік, спортшылардың Олимпиадаға дайындығына 13,3 млрд теңге бөлінген.