Олимпиадаға тәжірибесі де, жетістігі де лайық болып жүргендердің бірі Сәкен мен Сағындық - Мырзағали Айтжанов

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол "Adilet tv" ютуб арнасына берген сұхбатында 2024 жылғы Париж Олимпиадасынан кейін ұлттық құраманың бас бапкері қызметінен өз еркімен кеткенін және бүгінде Түркістан облысының бокс клубында жас спортшыларды жаттықтырып жүргенін айтты.

“Еліміздің оңтүстік өңірінде жүрмін. Шымкент қаласында тұрамын. Түркістан облысының бокс клубында жұмыс істеймін. Шәкірттерім де Түркістан облысының намысын қорғайды. Ұлттық құрамадан 2024 жылы Олимпиададан кейін өз еркіммен кеттім. Жалпы бас бапкер болсақ та, болмасақ та шәкірт дайындап, ұстаздық жұмысымызды атқарып жүрміз. Қазір Сәкен Бибосынов, Сағындық Тоғамбай, Аман Қонысбеков, Бақтияр Анарбаев, Бекболат Әбдікерім, Алдияр Баһадүр секілді бірталай шәкіртім бар. Соларды тәрбиелеп, үлкен үміт күтіп жүрмін.

Алда Олимпиада бар, аз уақыт қалды. Ол жарысқа бір табан жақын жүрген, тәжірибесі де, жетістігі де лайық болып жүргендердің бірі Сәкен, одан кейін Сағындық Тоғамбай. Осы шәкірттерімді дайындап, Олимпиадаға баруына бар күшімді саламын", - дейді ол.

Сондай-ақ, тәжірибелі маман Сәкен Бибосыновтың әлеуеті жоғары болғанымен, ірі жарыстарда жолы болмай жүргенін айтып, оның Париж және Токио Олимпиадаларында алтын жүлдеге лайық болғанын жеткізді.

"Сәкеннің бабы жақсы болғанмен бағы шаппай жүр. Спортты түсінетін адамдар бұны жақсы біледі. Кейбір кезде бұйырмай қалады. Бабы жоқ болса да бағы шауып тұратын адамдар болады. Екеуі бірдей шапса ғана топ жарасың. Сәкен өте тәртіпті, еңбекқор жігіт. Оны бүкіл әлем басты қарсыласы ретінде санайды. Ол Парижде ұтылып, медальға ілінбегенде әріптестеріміз, қаншама бапкерлер, спортшылар, басты қарсыласымыз өзбектердің өзі өкінішті деді. Себебі, әбден лайық спортшы. Париж Олимпиадасында ғана емес, Токиодада алтынмен қайтуға лайықты спортшы еді. Ол жерде де жеңісін ұрлады. Өзіне де "Біреулерге қиын жолмен, еңбек, төзім арқылы келеді. Ақырына дейін еңбек етейік" деп айттым. Еңбектің жемісін көретін сәт алыс емес деп ойлаймын", - дейді Мырзағали Айтжанов.